Алматыда екі күнде 25 см қар жауды

Алматыда қар тазалауға 410 бірлік техника мен 876 жұмысшы жұмылдырылды, деп хабарлайды Kazinform.

Алматы қар күреу
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімдігінің мәліметінше, 29-30 желтоқсан аралығында Алматыда жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын басталды.

"30 желтоқсанда сағат 10.00-дегі жағдай бойынша қалада 10 см, қаланың жоғарғы бөлігінде 20-25 см, Шымбұлақта 40 см-ге дейін қар жауды", - деп хабарлады әкімдікте.

Осыған орай Алматыда 146 құм таратқыштың күшімен 1502 тонна көктайғаққа қарсы материалдар себілді. Түнгі сағат 02.00-ден бастап полицияның патрульдік машиналары жол бастап жүруімен қар тазалағыш техникалар жолдарды қардан тазалады. Сондай-ақ, таулы аудандарда қар шығару жұмысы ұйымдастырылды.

"Сағат 10:00-дегі жағдай бойынша 370 м3 қар шығарылды. Алматыда 30 желтоқсан сағат 08.00-ден бастап 410 бірлік және 876 жұмысшы жұмылдырылды", - делінеді хабарламада.

Сондай-ақ қалада тротуарларды, жалпы пайдалану орындарын, қоғамдық көлік аялдамаларын, жер үсті өткелдерін тазалауға ерекше назар аударылды.
Аудан әкімдіктерінде жұмыс өндірісін бақылау бойынша кезекшілік ұйымдастырылды.

Қазгидрометтің болжамы бойынша бүгін Алматыда күндіз ауа температурасы шамамен 0°C болады. 6 қаңтарға дейін жауын-шашын күтілмейді.