Алматыда екі мәслихат депутаты өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтатты

жиналыс
Фото: Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қазақстан халық партиясынан сайланған Алматы қалалық мәслихатының депутаттары Владимир Власов пен Назерке Мундаханова өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтатты.

ҚХП-ның Алматы қалалық филиалының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов депутаттарға жұмысы үшін алғыс айтып, оларға сәттілік тіледі.

«Власов Владимир Валерьевич пен Мундаханова Назерке Еркінқызы біздің партиялық резервте қалады және партиямыздың қызметіне белсене араласатын болады. Назерке Еркінқызы қаламыздың архитектуралық келбетін жақсарта отырып, ары қарай қала құрылысы кеңесінде жұмысын жалғастырады», - деді ол.

Ол мәслихат депутаттығына партияның 36 үміткері бар екенін атап өтті.

«Өткен жылғы наурыз айында өткен мәслихат депутаттарын сайлаудың қорытындылары бойынша біз ҚХП фракциясының депутаттарын ротациялау белгілі бір кезеңділікпен жүйелі түрде жүзеге асатынын айттық. Біз оны бір жыл деп белгіледік. Депутаттық қызметте адамдардың ауысуы тың идеялардың, келешегі зор тәсілдердің үздіксіз ағынын қамтамасыз етіп, қала мәселелерін шешуге тың серпін береді», - деді партия филиалының басшысы.

Нұрсұлтан Шоқанов сондай-ақ жақын уақытта партияның бюро отырысында алдағы кезеңге екі депутаттың сайланатынын жеткізді.

Владимир Власов пен Назерке Мундаханованың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім мәслихаттың XV сессиясына қатысқан депутаттардың көпшілік дауысымен қабылданды.

Соңғы жаңалықтар