Алматылық ардагердің Санкт-Петерборға барып-келуіне қаражат бөлінеді

Алматы
Фото: old.syrboyi.kz

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматы қаласы мәслихатының кезекті XV сессиясында «Ленинград қаласының кәсіпорындарында, мекемелері мен ұйымдарында блокада кезеңінде жұмыс істеген және «Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен немесе «Ленинград блокадасының тұрғыны» төсбелгісімен наградталған Алматы қаласында тұратын азаматтарға Санкт-Петерборға қаласына жол жүру шығындарын өтеуге әлеуметтік көмек туралы шешімге өзгерістер қабылданды.

Алматы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасовтың айтуынша, Алматыда осы талаптарға сай келетін бір ғана ардагер тұрады. Ал өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін орталықсыздандырумен және әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі функцияларды Алматы қаласы аудандарының әкімдіктеріне берумен байланысты.

«Екінші дүниежүзілік соғысы ардагерлерінің Санкт-Петербург қаласына баруын қамтамасыз ету бойынша әлеуметтік көмек көрсету тәртібін айқындайтын мәслихат шешіміне нақтылау енгізу қажет. Тиісті өзгеріс төлемдер екінші деңгейдегі банктер әрі аудан әкімдіктері арқылы ардагердің шотына тікелей жүргізілетінін қарастырады. Бүгінде бұл – Әуезов ауданы. Жалпы, қосымша қаржы қажет емес, біз орталықсыздандыру шараларына сәйкес келтіреміз», - деп атап өтті басқарма басшысы.

Ол сондай-ақ Алматыда жыл сайын Санкт-Петербургке барып, туыстарымен кездесіп, тарихи орындарға баратын бір ғана ардагер бар екенін айтты. Ол қаланың Әуезов ауданында тұрады.

«Бұл сапар үшін оған шамамен 300 мың теңге толық көлемде төленеді. Ол үшін қаражат қарастырылған», - деді Бауыржан Жаубасов.

Соңғы жаңалықтар