Алматыда эко көлікке сұраныс жоғары – урбанист
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы көшелерінде велосипед пен самокаттар саны көбейді. Жылдам эко көлікке сұраныс жоғары. Бұл туралы «Алматыбасжоспар» ҒЗИ бас директоры Асхат Садуов айтты.
Урбанист Алматыда соңғы жылдары велокөлік үшін инфрақұрылымды құруға көп көңіл бөлініп жатқанын атап өтті.

«Қалалық мобильділік басқармасының мәліметінше, қазір 92 шақырым вело-инфрақұрылым жабдықталған. Веложолақтардың ұзындығы – 25 км. Ал веложолдар 67 шақырымға жуық. Жібек жолы даңғылы, Өтепов, Торайғыров және Кекілбайұлы көшелерінде оқшауланған веложолдар бар екенін атап өткен жөн. Себебі қазір ыңғайлы заманауи электр самокаттар кеңінен қолданылып келеді. Самокат жүргізушілері веложолдар мен веложолақтарды белсенді қолданып жүр», - дейді ол.
Асхат Садуовтың айтуынша, электросамокаттар – біршама жас көлік түрі. Самокаттар кейінгі бірнеше жылда ыңғайлығы және экологиялық тазалығы арқылы танымал болды.

«Әдетте, барлық жаңа нәрселерге үйреніп, машықтану үшін уақыт қажет. Иә, бастапқыда самокатқа қатысты жаяу жүргіншілердің көзқарасы теріс болды. Ал самокат жүргізушілерінің өздері үшін де бәрі жаңа болды, қателіктер, жарақаттар орын алып жатты. Бірнеше жылдан кейін біз көліктің бұл түрі уақытты бағалайтын, мобильділікті жақсы көретін алматылықтардың күнделікті өміріне қалай үйлесімді енгенін байқаймыз. Статистика да оң динамиканы растайды. Бір сөзбен айтқанда, микромобильділік мәдениеті дамып келеді», - деді Асхат Садуов.
Сарапшы микромобильді көлікті пайдаланудың негізгі артықшылықтары аталды.

«Самокаттар ірі қалалардағы көліктік проблемаларды жеңілдетуі мүмкін. Өйткені олар адамдарға қысқа қашықтыққа оңай жүруге мүмкіндік береді. Бұл қоғамдық көліктердегі жүктемені және жолдардағы көліктердің санын азайтуға көмектеседі. Сондай-ақ самокатпен жүру адамдарға белсенді өмір салтын сақтауға көмектеседі және ауаны пайдаланылған газдармен ластамайды», - дейді ол.
Спикер, самокат жүргізушілері көлік иелері сияқты жолдарда жауапты болуы керек екенін тілге тиек етті.
«Самокаттың максималды тиімділігі үшін самокат жүргізушілері үшін де, автокөлік иелері үшін де жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қажетті инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ оларды заңнамаға сәйкес пайдалануды реттеу маңызды екенін ескеру қажет. Самокат жүргізушілері көлік иелері сияқты жолдарда жауапты болуы керек деп санаймын», - деп түйіндеді Асхат Садуов.
Алматыда кикшерингтік самокаттар саны шамамен 17 мың. Былтыр олармен 14 миллионнан астам сапар жасалды.
Бұл 2022 жылмен салыстырғанда екі есе көп.
Айта кетейік, бүгін Мәжіліс мопедке және велосипедке қатысты жаңа талаптарды қамтыған заңды қабылдады.