Алматыда экологиялық акция аясында тарихи ескерткіштер тазаланды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Мегаполисте «Таза Қазақстан» науқаны мен «Алматы - біздің ортақ үйіміз» кампанияның аясында қаланың барлық 8 ауданында тазалық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Экологиялық науқанның «Өнегелі ұрпақ» апталығы аясында Әуезов ауданында орналасқан мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың ескерткішіне, Алатау ауданының «Теректі» шағын ауданында орналасқан тарихи-мәдени мұра нысандарына тазалау жүргізілді. Сондай-ақ Алатау ауданы аумағындағы сақ қорғандары тазаланды.
«Бүгін Алатау ауданы әкімінің аппараты «Алматы - біздің ортақ үйіміз» қалалық қампаниясы аясында Боралдай сақ қорғандарының аумақтарына санитарлық тазалық жұмысын жүргізді. Сақтартың Боралдайлық қорғандары – ашық аспан астындағы мұражай - б.э.дейінгі VII-III ғасырлардағы тарихи бірегей ескерткіші болып саналады. Атаулы іс-шара еліміздің тарихи мұрасына деген сыйластық пен жанашырлықтың белгісі болып отыр», – деді Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков.
Сонымен қатар «Жақыныңа көмектес» бастамасы аясында Алматыда жалғыз тұратын қарт азаматтардың үйлерінің аумақтарын жинау және абаттандыру жұмыстары жалғасуда.
«Алматы – біздің ортақ үйіміз» кампаниясы аясында әкімдік қызметкерлері еріктілермен бірлесіп мүмкіндігі шектеулі жандардың және жалғызбасты зейнеткерлердің үйлерінің ауласын жинастырып, ретке келтіруге көмек көрсетуді жалғастыруда. Қазіргі уақытта аудан аумағында Әкімдіктің әлеуметтік қызметкерлері қызмет көрсететін 147 жалғызбасты қарттарымыз бар және оларға жәрдемдесу басты мақсатымыз. Сондықтан бұл бастама әрі қарай жалғасын табады және мейірімді жандарды осы қайырымды іске үлес қосуға шақырамыз», – деп атап өтті Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков.