Алматыда «ЭкоРейнджерлер» қозғалысы құрылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда «Таза Қазақстан» акциясы аясында «ЭкоРейнджерлер» қозғалысы құрылды. Оған 1 000-нан астам жас қосылды.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, бұл бастама жастардың экологиялық өмірге белсенді қатысып, қаланың тазалығына үлес қосуға бағытталған.
«ЭкоРейнджерлер» тобы экологиялық акцияларда, сенбіліктерде және ағаш отырғызу шараларында белсенді қатысуды жоспарлап отыр. Олардың басты мақсаты – Алматының табиғатын қорғау және қоршаған ортаға қамқорлық көрсету.
Сонымен қатар «ЭкоРейнджерлер» жастарға экология жөнінде білім беру, табиғатты қорғау, жастар арасында экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған семинарлар мен тренингтер өткізуге ниетті.
Айта кетейік, Алматыда «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы мен «Алматы – біздің ортақ үйіміз» қалалық науқаны аясында 18-24 қазан аралығында халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қаланы көріктендіру мен көгалдандыруға бағытталған «Жарқын күз» акциясы өтіп жатыр.
Осыған дейін Алматыда күзгі ағаш отырғызу науқаны басталғаны туралы жазған едік. Оның аясында 282 мың көшет отырғызылады.