Алматыда электр қуатының бағасы неліктен күрт өсті

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматылықтар тамыз айында электр энергиясының ерекше қымбаттағынын айтып, шағымданды. «АлматыЭнергоСбыт» компаниясы тұрғындардың шағымына жауап берді.

Коммуналдық төлем
Фото: Pixabay.com

Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі шілде айында электр қуаты үшін 6 мың, ал тамыз айында 16 мың төлегенін айтты. 

Бейнежазбаға пікір білдірген алматылықтар мұндай өздерінде де болғанын жазды. 

– Тамыз айының квитанциясы 13 800 теңге болды. Алайда біз үйде мүлдем болмаймыз, тек кешке келіп, кешкі астан кейін ұйықтаймыз, - деп пікір білдірді ол.

«АлматыЭнергоСбыт» компаниясы электр қуатының төлемі күрт өсуіне 3 себеп бар екенін хабарлады. 

– Электр энергиясы төлемдерінің жоғары сомаларының 3 типтік себебі бар: күннің ерекше ыстық болуынан кондиционерлерді қолдану көбейді. Сондай-ақ тұтынудың күрт өсуі, соның ішінде күннің қысқаруына байланысты. Үшіншіден, балалар жазғы демалыста болды, - деп хабарлады мекеме. 

Еске салайық, Алматыда биыл 1 наурыздан бастап электр энергиясының тарифтері өзгерді. 

Орташа жеткізу тарифі қосылған құн салығынсыз (ҚҚС) 1 кВт сағатқа электр энергиясының құны – 28 теңге.

Ал, тұтынушылар санаттары бойынша тарифтер төмендегідей өзгерді:

– азаматтар үшін ҚҚС-сыз 10%-ға 25,55 теңге/кВтсағ дейін өсті;

– заңды тұлғалар үшін ҚҚС-сыз 11%-ға 29,73 теңге/кВтсағ дейін өсті;

– бюджеттік ұйымдар үшін – ҚҚС-сыз 10%-ға 32,73 теңге/кВтсағ дейін төмендеді.

– ӘМАТ (әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары) өндірушілері үшін ҚҚС-сыз 28 теңге/кВтсағ.

Соңғы жаңалықтар