Алматыда электр ұяшығының зақымдануынан жарық өшті
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматының бір бөлігінде инфрақұрылымдағы ақауларға байланысты жарық өшті.
20 тамызда қаланың кей аумақтарында электр энергиясы беру тоқтап қалды. «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ интерактивті картасының мәліметінше, Алмалы ауданында сағат 16:20-да Түркебаев, Розыбакиев, Бөгенбай батыр көшелері мен Райымбек даңғылының аралығында электр тоғы ажыраған.
– Бұл жағдайға энергияны үлестіру пунктінде екі ұяшықтың зақымдануы себеп болды. «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ мамандары шұғыл түрде жұмысқа кірісті. Қазіргі уақытта электр қуатын толық қалпына келтіру үшін қажетті техникалық шаралар жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады «АЖК» өкілдері.
Тағы бір апаттық өшу сағат 18:10-да Сейфуллин, Жұмабаев, Сельская және К.Беспаков көшелерінің маңында болды. «Алатау Жарық Компаниясы» интерактивті картасының мәліметінше, электр қуатын қалпына келтіруге шамамен үш сағат уақыт кетеді.
Еске салайық, 14 тамызда Алматы мен Алматы облысының басым бөлігінде жарық өшті.
Энергетика министрлігі Қазақстанның кей өңірлеріндегі электрдің ажыратылуына түсініктеме берді.