Алматыда электр желілерін жөндеуге байланысты қаланың орталығындағы көше уақытша жабылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматының Бостандық ауданында 2026 жылы 8-15 қазан аралығында №2363 кернеуі 220 кВ электр беру желісінің кабельдік бөлігінде шұғыл апаттық-қалпына келтіру жұмыстарының жүргізілуіне байланысты автокөлік қозғалысы уақытша шектеледі.
«Алатау Жарық Компаниясы» мәлімдеуінше, жөндеу жұмыстары Центральная көшесі, 36 мекенжайында, автомобиль жолының астында жүргізіледі. Осыған байланысты К. Салықов көшесінен Жәңгір хан көшесіне дейінгі аралықта көлік қозғалысы уақытша шектеледі.
Жөндеу жұмыстары №2363 кернеуі 220 кВ электр беру желісінің кабельдік бөлігінің зақымдануына байланысты жүргізілмек.
№2353 және №2363 кернеуі 220 кВ кабельдік-әуе электр беру желілері Алматы қаласын айнала қоршап тұрған 220 кВ сақиналы электр желісінің құрамына кіреді. Аталған желілер «Ерменсай» №160А және «Бесағаш» №166А қосалқы станцияларының арасында орналасқан.
- Желілердің бірінің зақымдануы сақиналы желінің ажырауына, электр қуаты ағындарының қайта бөлінуіне және энергия жүйесінің қалған элементтеріне түсетін жүктеменің артуына әкеледі. Қазір желі мәжбүрлі түрде ажыратылған сызба бойынша жұмыс істеп тұр, - делінген хабарламада.
Жарықпен жабдықтаудың қалыпты режимін қалпына келтіріп, ақаудың одан әрі бақылаудан шығуына жол бермеу үшін зақымданған учаскені қысқа мерзімде жөндеп, желінің тұтастығын қалпына келтіру қажет.
- Зақымданған кабель жолдың астында орналасқандықтан, жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жол жабыны мен бетон науаны ашу қажет. Бұл мамандарға кабельге қол жеткізіп, зақымданған жері мен сипатын нақты анықтауға, кабельді немесе кабель муфтасын жөндеуге және желіні қайта іске қоспас бұрын қажетті сынақтарды жүргізуге мүмкіндік береді, - деді «Алатау Жарық Компаниясы».
Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін жол жабыны толық қалпына келтіріледі.
Көлік қозғалысына енгізілетін уақытша шектеу тек апаттық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге байланысты.
Еске салсақ, Алматыда Көкжайлауға дейін жол салу үшін тағы жер телімдері алынатыны хабарланды.