Алматыда енді инклюзивті талапқа сай емес нысандар пайдалануға берілмейді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 1 шілдеден бастап мүгедектігі бар адамдар үшін жаңа нысандардың қолжетімділігіне бақылау күшейтіледі.
Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Алматы қалалық департаментінің басшысы Мұрат Мұратбековтің айтуынша, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының жаңа Құрылыс кодексі күшіне енеді. Бұл құжат нысандардың қолжетімділік талаптарына сәйкестігі туралы декларацияны бекіту тәртібін өзгертеді.
Енді декларацияны бекіту процесіне Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаменттері де қатысады. Осылайша, нысандардың қолжетімділік талаптарына сәйкестігін бақылау жергілікті атқарушы органдардан салалық мемлекеттік құрылымдарға өтеді.
Ведомство басшысының сөзінше, жаңа тетік нысандарды мүгедектігі бар адамдарға бейімдеу сапасына бақылауды күшейтеді.
– Енді тек пандустың бар-жоғы ғана емес, оның сапасы, кіреберіс аймақтардың, санитарлық тораптардың, лифтілердің, тактильді белгілердің және басқа да элементтердің қолжетімділігі ерекше назарда болады, - деді Мұрат Мұратбеков Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде.
Жаңа талаптар құрылыс салушылар мен меншік иелерінің жауапкершілігін арттырады. Қолжетімділік талаптарына сәйкес келетінін растайтын декларация – нысанның заңнама мен құрылыс нормаларына сай екенін дәлелдейтін ресми құжат.
Департамент өкілдерінің айтуынша, жаңа талаптардың мақсаты – тек қағаз жүзінде орындауды тоқтату. Енді әрбір нысан мүгедектігі бар адамдарға қызметтерді ешкімнің көмегінсіз, еркін әрі қауіпсіз пайдалана алатындай жағдай жасауы керек.
Сонымен қатар бұзушылықтардың алдын алу құрылыс кезеңінде-ақ қарастырылады. Талаптарға сай келмейтін нысандар пайдалануға берілмейді. Декларацияға қол қойылғаннан кейін де олар мемлекеттік бақылауда қалады, ал бұзушылық анықталған жағдайда иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Қолжетімді орта тек ғимараттармен шектелмейді. Ол көлік, цифрлық қызметтер, ақпарат пен коммуникация, сондай-ақ әмбебап дизайн қағидаларын қамтиды.
Департамент деректеріне сәйкес, бүгінде Алматыда қалалық инфрақұрылымның 9 мыңнан астам нысаны интерактивті қолжетімділік картасына енгізілген, олардың 6 мыңнан астамы қолжетімді деп танылған. Биылдың өзінде 1 147 нысан бейімделген.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда қолжетімді орта талаптарын сақтамағандарға 2 млн теңгеден астам айыппұл салынғанын жазған едік.