Алматыда қолжетімді орта талаптарын сақтамағандарға 2 млн теңгеден астам айыппұл салынды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – 2026 жылдың басынан бері Алматыда әлеуметтік инфрақұрылымның 45 нысаны тексеріліп, қолжетімді орта талаптарын бұзған алты субъекті әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

 Мұрат Мұратбеков
Фото: Алматы өңірлік комуникациялар қызметі

Қазақстан Республикасы Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Алматы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Мұратбековтің мәліметінше, Алматыда мүгедектігі бар 60 мыңдай адам тұрады. Олар үшін қолжетімді орта қала ішінде өз бетінше қозғалу, мемлекеттік және әлеуметтік қызметтерді алу, жұмыс істеу, білім алу және қоғамдық өмірге белсенді қатысу мүмкіндігін білдіреді.

Департамент әлеуметтік инфрақұрылым нысандарында қолжетімділік талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылау жүргізеді. Тексерулер жоспарлы және жоспардан тыс тәртіппен өткізіліп, мамандар міндетті түрде нысандарға барып тексереді.

2026 жылдың басынан бері әлеуметтік инфрақұрылымның 45 нысанына тексеру жүргізілді. Бақылаушы органның назарында денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт мекемелері, мемлекеттік ұйымдар, қызмет көрсету және кәсіпкерлік саласының нысандары болды.

– Тексеру барысында пандустар мен көтергіш құрылғылардың бар-жоғына, жай-күйіне, кіреберіс аймақтардың қолжетімділігіне, санитарлық-гигиеналық бөлмелердің жабдықталуына, қызметкерлерді шақыру түймелерінің, тактильді көрсеткіштердің, мүгедектігі бар адамдарға арналған автотұрақ орындарының болуына, сондай-ақ көру және есту қабілеті бұзылған адамдар үшін ақпараттың қолжетімділігіне ерекше назар аударылды, - деді департаменті басшысы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде.

Тексеру нәтижесінде 32 нысанға анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы орындауға міндетті нұсқамалар берілді. Тағы алты субъект әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы – 2 млн 76 мың теңге.

Спикердің айтуынша, Қазақстан Республикасының заңнамасында мүгедектігі бар адамдар үшін нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз ету талаптарын сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Айыппұл мөлшері құқық бұзушының санатына қарай 50-ден 400 айлық есептік көрсеткішке дейін өзгереді. Бір жыл ішінде заңбұзушылық қайталанса, айыппұл көлемі едәуір артады.

Еске салайық, бұған дейін Астанада мүгедектігі бар балаларға арналған аралас әлеуметтік қызмет моделі енгізілетінін хабарлағанбыз.