Алматыда ес-түссіз күйдегі ер адамды пәтерінен көтеріп әкеткен: Күдіктілер ұсталды

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматылық ер адамды бірнеше адам пәтерден көтеріп әкеткен. Полиция істі зерттеп жатқанын мәлімдеді.

в
Фото: видеодан алынған скрин

Алматыда 30 қыркүйек таңғы сағат 4:34-те ер адамның басына пакет кигізіп, ес-түссіз күйде көтеріп әкеткен видеосы тарады.

Үй тұрғындары мұны бейнебақылау камераларының жазбасынан байқаған.

Көршілердің айтуынша, бірнеше күн бұрын белгісіз біреулер ғимаратты тексеріп, пошта жәшігінің кілттерін ұрлап кеткен. Ал 29 қыркүйекте екі ер адам пәтерлердің біріне асығып келген.

Желіде тараған ақпаратқа сәйкес, 10 қазанда сол видеодағы адамның пәтері сатылып кеткен.

Желідегілер мұны «заңсыз риэлторлардың» әрекеті деп күдіктенеді.

Алматы полициясы үш күдіктінің қамауға алынғанын растады.
Бостандық аудандық полиция бөлімі тергеу жүргізіп жатыр.

- Жан-жақты және объективті тергеуді қамтамасыз ету үшін тергеу тобы құрылды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау, сондай-ақ қатысы болуы мүмкін басқа адамдарды анықтау және  бірқатар тергеу және жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр, - деп мәлімдеді Алматы ПД.

Тергеу жұмыстарын полиция департаментінің басшылығы бақылап отыр.

Еске салсақ, Алматыда қолы байлаулы жүрген әйелге қатысты полиция тексеріс бастаған еді. Желідегі ақпаратқа сәйкес, оны ұлы үйінде қинап ұстаған.