Алматыда ескі көліктерді сатып алу бағдарламасы туралы не белгілі
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған шешімдер талқыланып келеді. Олардың бірі - ескі көліктерді сатып алу.
Алматы әкімдігі биыл сәуір айында экологиялық класы төмен ескі автокөліктерді сатып алып, кейін оларды кәдеге жарату үшін арнайы компания құру мәселесі қарастырылып жатқанын хабарлады.
Қаладағы ескі көліктердің үлесін азайтуға мүмкіндік беретін бағдарлама алматылықтар арасында қызығушылық турдырды.
Осы орайда, Kazinform аталған жобаның қандай сатыда екенін нақтылау үшін тиісті органдарға сауал жолдады.
Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасының өкілдері ескі көліктерді сатып алу тетігі атмосфералық ауа сапасын жақсарту жөніндегі 2026 — 2027 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына енгенін атап өтті.
— Алматы қаласының атмосфералық ауасын қорғау қағидаларын іске асыру шеңберінде «Алматы» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ 2026–2028 жылдарға арналған автокөлік құралдарын кәдеге жарату жөніндегі өңірлік бағдарламасының жобасын әзірледі. Бүгінгі таңда бағдарлама пысықтау сатысында, — деп хабарлады басқармадан.
Ал «Алматы» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ бағдарламаға қатысты түсініктеме беріп, оның мақсаты мен міндетін айқындады.
— Алматыда ауаның ластануына автокөліктерден шығатын зиянды заттар елеулі әсер етеді. Сондықтан экологиялық талаптарға сай келмейтін ескі көліктерді сатып алып, кейін кәдеге жарату тетігін енгізу жоспарланып отыр. Мұндай шаралар көлікті жаңартуға ынталандырып, ескі автокөліктердің санын азайтуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде атмосфераға тарайтын зиянды заттардың көлемін төмендетуге ықпал етеді, — деп түсіндірді «Алматы» ӘКК».
Компания мәліметінше, қазіргі уақытта бағдарлама дайындық кезеңінде және оны іске асыру тетігі әзірленіп жатыр. Әзірге оған қатысту шарттары, іске асыру тәртібі және бағалау жүйесі нақтыланбаған. Алайда бағдарлама халықтан автокөліктерді тікелей сатып алуды көздемейді. Оның орнына саудаға автодилерлер мен отандық автоөндірушілер тартылады.
— Қазіргі уақытта автодилерлер мен автокөлік өндірушілерін жеңілдікпен қаржыландыру тетігі қарастырылу үстінде. Соған сәйкес, экологиялық класы төмен автокөлік иелеріне жаңа автокөлік сатып алу кезінде жеңілдік сертификаттарын беру көзделеді, — делінген жауапта.
Еске салайық, 2026-2028 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары 9 бағыт бойынша 43 іс-шараны қамтиды. Оның ішінде 17 іс-шара атмосфералық ауаның сапасын жақсартуға бағытталған.
Жоспардың басты ерекшелігі — ауаны ластайтын бір ғана бағытпен емес, энергетика, жеке сектор, автокөлік және өндіріс кәсіпорындары секілді барлық мәселелерге бір мезгілде ықпал етеді.
Құжатта көрсетілген негізгі жұмыстар:
— ЖЭО-2 және ЖЭО-3 нысандарын газға ауыстыру;
— Атмосфералық ауаны қорғау қағидаларын іске асыру;
— Автокөліктердің түтіндігі мен оталуына тұрақты мониторинг жүргізу;
— Төмен эмиссиялық аймақтарды (LEZ) енгізу;
— Экологиялық талаптарға сәйкес келмейтін көліктерді кезең-кезеңмен қысқарту;
— Экологиялық рейдтерді өткізу және т. б.
Аталған жоспар нәтижесінде 2028 жылдың соңына дейін Алматыда ауаны ластану деңгейін кем дегенде 20%-ға дейін төмендету жоспарланған.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, биыл елдегі автокөліктер саны 5,9 млн болса, оның 1,4 миллионы — 10-20 жыл аралығындағы, 2,4 миллионы 20 жылдан асқан автокөліктер.