Алматыда ескі көпірдің орнына жаңасы салынды

Көпір
Фото: Almaty_akimdigi/Telegram

Медеу ауданында ұзындығы 21 м көпір салынды. Ол 90-жылдары тұрғындардың өздері салған ескі ағаш құрылымның орнына тұрғызылды, деп хабарлайды Kazinform. 

Байқоңыр көшесінің тұрғындары әкімдіктен аялдама кешеніне апаратын жаңа көпір салуды сұраған еді. Ескі көпір апатты жағдайда болып, тұрғындардың өміріне қауіп төндірді.

Аталмыш жұмыс «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жүзеге асты. Екі айда берік қоршауы бар жаңа темір көпір салынды.

Көпір
Фото: Almaty_akimdigi/Telegram

Жоба аясында іргелес аумақ абаттандырылды: аялдамаға апаратын тротуар жабдықталды, көше жарығы мен шағын сәулет нысандары орнатылды. 

Айта кетейік, бұл «Халық қатысатын бюджет» жобасы былтыр Қазақстанның екі өңірінде басталды. Бұған дейін Kazinform агенттігі бағдарламаны Алматыда іске асыру шарттары туралы жазған болатын. 

Соңғы жаңалықтар