Алматыда ескі мектептің орнына тұрғын үй кешені салына ма
АЛМАТЫ. KAZINFORM – «Таугүл» шағын ауданындағы ескі № 72 мектептің орнына 1 200 орындық жаңа мектеп салынады. Осы мақсатта аталған аумақта орналасқан 40 жеке үй бұзылады.

Әуезов ауданының тұрғыны қала басшысынан №72 мектептің орнына жаңа тұрғын үй кешендері салынатыны қаншалықты рас екенін сұрады.
«Бұл мектеп өте ескі, балалар оқушыға толы сыныптарда сапалы білім ала алмайды. Сондықтан біз ескі ғимаратты бұзып, жобалық қуатын 380-нен 1 200 орынға дейін арттырып, жаңа заманауи мектеп салуды жоспарлап отырмыз. Ол үшін бізге қосымша жер қажет. Қалада халық саны өсуде, жаңа әлеуметтік нысандар қажет. Бүгінгі таңда тәуелсіз бағалаушы жылжымайтын мүліктің 40 иесіне тексеру жүргізді. Мұнда ешқандай тұрғын үй немесе коммерциялық нысандар салынбайды», - деп жауап берді қала басшысы Ерболат Досаев.
№72 жалпы білім беретін мектеп Таугүл шағын ауданында орналасқан. Мектеп 380 оқушыға арналған. Бірақ мектепте қазір 494 бала білім алып жатыр.
«Асыл Тас» ТК құрылысы мен ескі тұрғын үйді жаңарту бағдарламасының 8 кезегін іске асырғаннан кейін 2 мыңға жуық оқушы орны тапшы болады деп күтіліп отыр. Қазір жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2025 жылдың II тоқсанында басталып, 2026 жылдың I тоқсанынада аяқталады.