Алматыда ескі тұрғын үйлерді жөндеудің жаңа механизмі іске қосылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында құрылысты салып бітіретініне кепілдік беретін тұрғын үйді реновациялау тетігі талқыланды.
«Қазақстанның тұрғын үй компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Исламбек Қайырбековтің айтуынша, апатты жағдайдағы тұрғын үйлерді реновациялаудың жаңа тетігі Бірыңғай операторға құрылыс жұмысын аяқтауға кепілдік береді. Осылайша меншік иелерін аумағы тура сондай жаңа тұрғын үйге көшіреді.
Мұны Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен «Қазақстанның тұрғын үй компаниясы» АҚ бірлесіп әзірлеген. Ол тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы қолданыстағы заңнамаға негізделді. Заңнамаға 2026 жылғы 12 наурыздан бастап өзгеріс еніп, құрылыс кодексінің жекелеген нормасы биыл 1 шілдеден бастап қолданысқа енді. Маусым айында жаңарту аясында кепілдік беруді реттейтін қалған нормативтік-құқықтық актілер бекітілді.
- Негізгі қағидаттың бірі – «бөлме орнына бөлме» форматы. Меншік иесіне көлемі тура сондай жаңа үй беріледі. Апатты жағдайдағы және тозған тұрғын үйді нарықтық құны бойынша сатып алу мүмкіндігі де қоса қарастырылған. Бұл ретте кепілдік жағдайы туындаған кезде Бірыңғай оператор құрылыстың аяқталуына кепілдік береді, – деді Исламбек Қайырбеков.
Бастаманы іске асыруға жергілікті атқарушы органдар, инвестор немесе құрылыс салушы, «Қазақстанның тұрғын үй компаниясы» АҚ және апаттық жағдайдағы әрі тозығы жеткен тұрғын үйдің меншік иелері қатысады. Жергілікті атқарушы органдар реновация аймағын айқындап, нысандардың тізімін жасап, жариялайды. Қажет болған жағдайда инженерлік коммуникацияларды жүргізу жағын да қамтамасыз етеді.
- Құрылыс салушы меншік иесімен келіссөз жүргізіп, уақытша тұрғын үймен қамтамасыз етіп немесе оны жалға алуға жұмсалған шығынды өтейді. Сондай-ақ жылжымайтын мүлікті бағалап барып толық сатып алуға болады. Барлық меншік иесінің келісімі алынған соң, ҚТК кепілдік беру туралы шартқа қосылып, кепілдік жағдайы туындаған кезде құрылыс жұмысын аяқтау бойынша міндеттемені өз мойнына алады, – дейді спикер.
Меншік иелері үшін реновация аясында тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт жасасу қарастырылған. Шарт «Қазреестр» ақпараттық жүйесінде міндетті түрде тіркеледі.
- Бұл тетіктің енгізілуі апатты және тозығы жеткен тұрғын үйдің тұрғындарының қорғалу деңгейін арттырып, реновация жобасына жеке инвестиция тартып, тұрғын үй қорын замандық стандарт пен жайлы өмір сүруге қолайлы ете отырып жаңартуға мүмкіндік бермек, - деді ол.
Сөзінше, үлескерлер үшін екінші деңгейлі банктерден салынып жатқан тұрғын үйге ипотекалық қаржыландыру тарту мүмкіндігі де қарастырылған.
Құрылыс жұмысының кешенді сипатына да ерекше көңіл бөлінеді. ҚТК тиісті жобаларды жеңілдетілген шартпен қаржыландырады. Тұрғын үйдің жалпы алаңы кемінде 10 мың шаршы метр болуы тиіс. Сондай-ақ жаяу қолжетімді жерде мектеп, емхана мен балабақшаның болуы және бекітілген жоспарлау жобасына сәйкес келуі қажет.
Еске салсақ, Алматы азаматтарды тіркеу үшін тұрғын үй көлемі стандартын белгілеген еді.