Алматыда есірткі сатқан ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері сотталды

Алматы
Фото: polisia.kz

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда есірткі сатқан ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Алматы полициясының қызметкерлері қалалық прокуратура «Есірткі қылмысына қарсы күрес» жобасы аясында және ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі мамандарының көмегімен былтыр тұрақты есірткі желісін жойған болатын.

Марихуананы жеткізу мен сатуды бес адам ұйымдастырған. Атап айтар болсақ, азаматтық некедегі ерлі-зайыпты, олардың досы, жасырын қойып кетуші және курьер. Жедел тергеу шаралары барысында анықталғандай, жас жұп қылмыстық процеске жетекшілік еткен. Олар ұйымдастырушы және үйлестіруші рөлін атқарды. «Тауарды» жасырын қоюшылардың міндеттері екі дос арасында бөлінген. Ал курьер болып топ мүшелерінің біреуі жүрді.

«Мессенджер арқылы есірткіні байланыссыз әдіспен сата бастаған есірткі саудагерлерінің қылмыстық әрекеттері тоқтатылды. Күдіктілер Испания мен АҚШ-тан пошта арқылы есірткі сәлемдемелерін алғаны анықталды. Шөп үшін төлем тұтынушылардан электронды төлем жүйесі арқылы алынды. Қаражатты алу екінші деңгейлі банктер арқылы жүзеге асырылды. Сол кезде күдіктілердің қылмыстық әрекеттері ресми түрде құжатталып, күдіктілердің тұрғылықты жері бойынша рұқсат етілген тінтулер жүргізілді», – дейді Алматы қаласы ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Мұрат Жұмабай.

Полиция өкілі мәлім еткендей, қылмыстық топ мүшелерінің кінәсі сотта дәлелденіп, олар ұзақ жылға бас бостандықтарынан айырылды.

«Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен ұйымдасқан қылмыстық топты ұйымдастырушы есірткі құралдарын заңсыз өндіру, сақтау, өткізу, ұйымдасқан топ құру және оған жетекшілік ету, үгіт-насихат жасағаны және есірткі заттарын заңсыз жарнамалағаны үшін кінәлі деп танылып, 17 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық топтың қалған мүшелері, оның ішінде 35 жастағы әйел, әрқайсысы 15,6 жылға сотталды», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар