Алматыда есірткімен күрес қалай жүріп жатыр

Алматы
Фото: Астана қаласы ПД

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда «Narkostop» жобасы шеңберінде жыл басынан бері есірткі жарнамасы бейнеленген 50 мыңға жуық граффити боялған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында синтетикалық есірткінің қоғамға қаупі туралы айтып, тиісті ведомствоға нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресудің кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырған болатын. Биыл Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтай кезінде Президент халқымызға қауіп төндіретін 5 кеселдің қатарында есірткі саудасы мен нашақорлық мәселесін тағы да қозғап өтті.

Президент тапсырмасына орай еліміздің ең ірі мегаполисі – Алматыда нашақорлық және синтетикалық есірткімен күрес қалай жүріп жатқанын Алматы қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі полиция майоры Дәурен Көбеев айтып берді.

«Мемлекет басшысы 2 жыл бұрынғы Жолдауында есірткі мәселесін қозғап өткен болатын. Президент тапсырмасына орай 2023 жылдың 29 маусымында «Қазақстан Республикасында Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023 - 2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» бекітілген болатын. Бұл алдын ала болжам бойынша синтетикалық есірткі қолданысын 5-6%-ға азайтуы қажет», – деді полиция майоры.

Дәурен Көбеевтің айтуынша, қазір есірткі саудасының кезекті толқыны жүріп жатыр. Полиция майоры оны тоқтатудың жолы есірткі бизнесіне қаржылай соққы жасау екенін айтады.

«Қазақстанда есірткі саудасының алғашқы толқыны тоқсаныншы жылдары болды, 2000 жылдары героин саудасы белең алды. Қазір синтетикалық есірткі тарап жатыр. Біз адамдарды сақтандыратын арнайы бейнероликтер жасап жүрміз. Бірақ қазір әлеуметтік желілерде ақпарат ағыны өте қарқынды. Бүгін көрілген бейнеролик ертең ұмытылып кетеді. Біз оқу орындарында түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Бірақ бұл да жеткіліксіз, жастардың ойынан шықпауы үшін бізге үлкен қарқын мен алгоритм қажет. Есірткі бизнесі неліктен бізден бір қадам алда жүреді? Себебі онда миллиардтаған ақша айналымы бар. Біздің тонналап есірткіні тәркілеуіміз де үлкен нәтиже бермейді. Батыстың тәжірибесіне қарасақ, олар есірткі саудасына қаржы жағынан соққы береді. Яғни, қаржылық барлау қызметтерінің жұмысын күшейту керек», – деді Дәурен Көбеев.

Алматы қаласында қала әкімдігі мен Полиция департаментінің іс-қимылдарынан бөлек есірткіге қарсы күрес жұмысы «Narkostop» жобасы аясында іске асады. Айтылған жоба Алматыда алғаш рет 2021 жылы іске қосылды. Граффитиді бояудан басталған жоба бүгінде өзінің бағыттарын кеңейтіп, есірткі бизнесінен қарсы жан-жақты күрес жүргізеді.

«Narkostop» жобасының бағыттарын есірткі жарнамасын бояу, киберволонтерлік, ғылыми зерттеу, оқу орындарындағы лекция мен профилактикалық жұмыс деп бөлуге болады. Бірінші бағыт аясында есірткі жарнамасы бейнеленген граффитилер боялады. Киберволонтерлік жұмыс барысында есірткіні насихаттайтын онлайн ресурстар анықталып, құзыретті органдарға хабарланады. Ал жобаның ғылыми зерттеу бағыты есірткіге қарсы күрестің тиімді тәсілдерін тауып, қолданыстағы тетіктерді оңтайландыруға мүмкіндік береді. Қалған екі бағыт бойынша оқу орындарында жастарға есірткінің зияны жөнінде ақпарат беріледі және әртүрлі мекемелерде тренинг, дөңгелек үстел сынды жиындар ұйымдастырылады», – деді «Narkostop» жобасының кураторы Нұржан Жакупов.

«Narkostop» жобасының кураторы 2024 жылдың басынан бері мегаполисте есірткі жарнамасы бейнеленген 50 мыңға жуық граффити боялғанын айтты.

«Жоба аясында жыл басынан бері оқу орындарында 32 дәріс өткізілді. Волонтерлердің және Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының көмегімен 50 мыңға жуық граффити боялып, есірткі жарнамалары жойылды. Сондай-ақ жұмыс тобы тарапынан ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нашақор адамдар уақыт өте келе өз- өздерін басқара алмайтын ашушаң адамдарға айналады және олар жиі өздерінің жақындарына, қарт ата-аналарына қол көтереді. Осындай жағдайда есірткіге тәуелді адамды мәжбүрлеп емдеуге жатқызу үшін де біз құқықтық көмек көрсетеміз. Биыл 50-ден астам адам біздің мамандардан құқықтық көмек алып үлгерді. Біз Алматы қаласының психикалық денсаулық орталығы және Алматы қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасымен серіктес ретінде тығыз жұмыс істейміз», – деді ол.

Соңғы жаңалықтар