Алматыда Ғашықтар күні «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклінің премьерасы өтеді

ғашықтар
Фото: М. Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Ғашықтар күні Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрында «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклінің премьерасы ұсынылады. Осыған орай спектакльдің жабық көрсетілімі өтті.

театр
Фото: М. Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры

Жабық көрсетілім басталмас бұрын театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Жуасбек, театрдың қоюшы-режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әубәкір Рахимов, театр актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғани Құлжанов, «Bayan Sulu» АҚ президенті Тимур Садықов баспасөз мәслихатын өткізді.

«Елімізде бизнес өкілдерінің өнермен, оның ішінде театрмен әріптестік аясында жұмыс істеуі көп кездесе бермейді. Дегенмен ондай мысалдар бар. Биыл тағы сондай игі шаруаның басында тұрмыз. Себебі, ұлы жазушымыз Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» шығармасы біздің қазақстандық ірі брендтің демеушілігімен сахнаға шыққалы тұр. Бүгін оның жабық көрсетілімі өтеді. Біз сондай-ақ демеушімен ақылдаса келе, спектакльді алыс-жақын шетелге шығару мәселесін де қарастырып жатырмыз», - деді Еркін Жуасбек.

Ол «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» спектаклі ең алғаш рет 1930 жылдары сахналанғанын айтты.

«Содан бері әр режиссер әртүрлі трактовкада қойылымды көрерменге ұсынып келді. «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» шығармасы махаббат үштігіне құрылған. Қозы, Баян, Қодар бірлестігі ақын, жыршылардың ауызында неше ғасырдан бері айтылып келеді. Сіздер білесіздер, өнер махаббаттан тұрады, ал махаббат таластан тұрады, осы дүниенің бүгінгі жастарға пайдасы, әсері болады деген ойдамыз. Жастар қайдағы бір түсініксіз әулиеге теңелген Валентиннен гөрі біздің Қозы, Төлеген, басқа да батырлардан үлгі алуы керек. Ғашықтар күні қарсаңында қойылымды сахналауымыздың бір себебі осында», - деді театр директоры.

театр
Фото: Думан Арғынгелді/Kazinform

Қоюшы-режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Әубәкір Рахимов «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» шығармасы театр сахнасында бесінші рет қойылғалы отырғанын айтты.

«Әр режиссер өз трактовкасын жасаған. Алғашқы қойылымдарда Серке Қожамқұлов, Камал Кармысов, Шолпан Жандарбекова, Махфуза апайлар рөлдерді сомдады. Одан кейін Әзірбайжан Мәмбетовтың қойылымында Асанәлі Әшімов, Әнуар Молдабеков, Ыдырыс Ноғайбаев сияқты әртістер ойнады. Кейін Қайрат Сүгірбеков деген жас режиссер өзіндік трактовкасын жасап, қойды. Жаңа спектакльде түгел дерлік жастар ойнайды. Өздеріңіз көріп, баға бере жатарсыздар. Бұрын ойнағандардың ешқайсына ұқсамастай жаңаша қырында көрсетуге тырыстық. Жалпы бұған дейін «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» спектаклі соңғы рет сахнаға 2002 жылы шыққан болатын», - деді Әубәкір Рахимов.

Тимур Садықов қазақ өнерінің қара шаңырағында «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» спектаклінің сахналануы театр ұжымы мен фабрика арасындағы жақсы қарым-қатынастың нәтижесі екенін айтты.

«Ғашықтар күні өтетін спектакль премьерасы баршаңыздың көңіліңізден шығады деген үміттеміз», - деді ол.

спектакль
Фото: М. Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры

Актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғани Құлжанов қойылымда Айдардың рөлін ойнайтынын айтты.

«Ол да Баян сұлуға ғашық болған, Баян сұлудың қолын сұрағысы келген азаматтың бірі. Сондай бір әдемі рөл, өзіме ұнайтын рөл. Бұл рөлмен табыстырған Әубәкір ағаға рахмет айтамын. Бұл спектакль лайықты деңгейде дайындықтан өтті деп айта аламын», - деді актер.

театр
Фото: М. Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры

Спектакльде М. Асаубай, Ә. Базарбай, И. Құлмағамбетова, Г. Досанова, Б. Тұрыс, Б. Қожа, Д. Жүсіп, Г. Джакупова, Ш. Асқарова, К. Шаяхметова, А. Ағымбай, М. Абсадыкова, Г. Оспанов, И. Мәзімбай, Ж. Толғанбай, Қ. Мамытқалиев, Ғ. Құлжанов, Ж. Садырбаев, Н. Абилов, Е. Тұрысов сынды актерлер ойнайды.

спектакль, Қозы
Фото: М. Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры

Спектакльдің қоюшы-суретшісі - М. Сапаров, киім суретшісі - Б. Әбдіманапова, балетмейстер - Г. Мухамеджанова, ал сахна қозғалысын А. Байлин атқарады.

көрме
Фото: Думан Арғынгелді/Kazinform
Қозы, Баян
Фото: Думан Арғынгелді/Kazinform

 

Соңғы жаңалықтар