Алматыда ғимараттарға енді модемі бар су есептегіштер орнату міндеттеледі
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда тұрғын үй қорын су есептегіш құралдарымен қамту деңгейін арттыру жоспарланып отыр. Қазір үйлер мен пәтерлердің шамамен 78%-ы есептегішпен жабдықталған. Келесі жылы бұл көрсеткішті 95%-ға жеткізу көзделіп отыр.
«Алматы Су» мәліметінше, қалада су есебін автоматтандырылған жүйеге көшіру және көрсеткіштерді қашықтан беру кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Әкімшілік, өнеркәсіптік және коммерциялық нысандардағы есептегіштерді модемдік байланыс жүйелерімен жабдықтауға талаптар енгізіледі.
— Қала біртіндеп бірыңғай автоматтандырылған есеп жүйесіне көшіп жатыр. Қазір барлық ірі және жеке тұрған кәсіпорын модемі бар есептегіштерге кезең-кезеңімен ауыстырылып жатыр. Сонымен қатар барлық жаңа нысанға модемі бар есептегіштер міндетті түрде орнатылуы керек. Есептегіштерді жоспарлы немесе жоспардан тыс ауыстыру кезінде де модемі бар құрал орнату міндетті, — деді өңірлік коммуникациялар брифингінде «Алматы Су» сату департаментінің директоры Серік Шагиров.
Жаңа талаптар пайдалануға берілетін нысандарға да қатысты. Жаңа тұрғын үйлерге, коммерциялық және басқа да ғимараттарға көрсеткіштерді қашықтан беруге мүмкіндік беретін есептегіштер орнатылады.
Тұтынушылар үшін есептегіштер нақты пайдаланылған су көлеміне қарай төлем жасауға және өз тұтынуын бақылауға мүмкіндік береді.
«Алматы Су» мәліметінше, есеп жүйесін цифрландыру суды тұтыну туралы дәлірек ақпарат алуға, жүйенің жекелеген учаскелеріне түсетін жүктемені талдауға, тұтынудың қалыптан тыс көлемін және ықтимал су ағуларын анықтауға мүмкіндік береді.
Қашықтан есепке алу жүйесіне көшу Алматыдағы сумен жабдықтау жүйесін кешенді цифрландырудың бір бөлігі болады. Бұл су өндіру мен тасымалдаудан бастап, оның тұтынылуын есепке алуға дейінгі үдерістерді қамтиды.
Еске салайық, Алматыда 1 қазаннан бастап су тарифтері өзгеретіні хабарланды.