Алматыда «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасына өтініш қабылданып жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасына өтінімдерді қабылдау 9 қыркүйекте басталды. Бір апта ішінде budget.open-almaty.kz сайтына тұрғындардан 248 өтініш келіп түскен. 2023 жылдың сәйкес кезеңінде 151 ұсыныс түскен.
Ең көп өтінім Алматы қаласының Наурызбай ауданында берілген – 159 жоба. Екінші орында Түрксіб ауданы – 26 ұсыныс. Көбінесе қала тұрғындары балалар және спорт алаңдарын орнату немесе жөндеу, аулаларды көгалдандыру, сондай-ақ қоғамдық аумақтарды жарықтандыру жобаларын ұсынады.
«2025 жылы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша идеяларды іске асыру үшін осы жылдың 25 қыркүйегіне дейін budget.open-almaty.kz порталына өтінім беру қажет. Барлық кәмелетке толған тұрғындар бюджет қаражаты есебінен қаланың аулаларын, көшелері мен аумақтарын абаттандыру бойынша ұсыныстар жасай алады. Байқау 8 кезеңнен тұрады: өтінімдерді қабылдау, сараптамалық бағалау, авторлардың жобаларды пысықтауы, пысықталған ұсыныстарды қарау, дауыс беру, дауыс беру қорытындыларын шығару, бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру, жобаларды іске асыру», - деп хабарлады әкімдіктен.
Айта кеткен жөн, өтініштерде жобаның атауы мен сипаттамасы, орналасқан жерінің мекенжайы, болжалды фотосуреттер, сызба немесе эскиз, жобалық ұсыныстың сметасы болуы керек. Бір өтініш 92,3 млн теңгеден (25 мың АЕК) аспауы керек.
Ережелер туралы толығырақ budget.open-almaty.kz интернет-порталынан оқуға болады.
Еске салайық, бұған дейін «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы арқылы ауласын көркейткен Алматы тұрғыны жұртты таңғалдырғанын жазғанбыз.