Алматыда хоккейден Азия чемпионаты қалай өтіп жатыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда осы күндері хоккейден Азия чемпионаты өтіп жатыр. Kazinform тілшісі Жапония мен Оңтүстік Корея арасындағы ойынға қатысып, команда жанкүйерлерімен тілдесіп қайтты.

хоккей
Фото: Досбол Атажан/Kazinform

Еліміздің оңтүстік астанасы алғаш рет Халықаралық шайбалы хоккей федерациясының (IIHF) қолдауымен Азия біріншілігін қабылдап отыр. Турнир Halyk Arena көпфункционалды спорт кешенінде өтіп жатыр.  

хоккей
Фото: Досбол Атажан/Kazinform

Жарыстар 6 қараша күні басталды. Азия біріншілігінің алғашқы ойынында Қазақстан хоккей құрамасы Оңтүстік Кореяға жол берді. Ойын нәтижесі бойынша Қазақстан құрамасы қарсыласына 1:4 есебімен есе жіберді. Сондай-ақ бірінші турда Жапония құрамасы Қытайды 4:1 есебімен тізе бүктірді. 

хоккей
Фото: Досбол Атажан/Kazinform

Бүгін Halyk Arena-да Жапония мен Оңтүстік Корея арасында кездесу өтті. Стадионда жарыс қожайыны Қазақстанда ойынында секілді көрермендер қарасы көп болмады. Алайда екі елді арнайы қолдауға келген жанкүйерлер баршылық. 

хоккей
Фото: Досбол Атажан/Kazinform

«Біз бүгінгі ойынға анам екеуміз келдік. Осы Алматыда тұрамыз. Қазір Оңтүстік Кореяға қолдау білдіріп отырмыз. Стадиондағы көңіл-күй өте тамаша. Өзім хоккейді көп көре бермеймін. Бірақ Азия чемпионаты өтіп жатқанын естіп, бүгін Кореяны қолдауға арнайы келдім», - деді Кеша есімді жанкүйер.

Хоккей тамашалауға келген жанкүйерлер қатарында пәкістандық Таджамул Мұхаммад пен үндістандық Аюши Лалвани да болды. Алматыда білім алатын студенттер бұл ойында Жапонияға жанкүйер болғандарын айтты. 

хоккей
Фото: Досбол Атажан/Kazinform

«Біз студентбіз және осы Алматыда білім аламыз. Үндістанда хоккей қатты танымал емес. Сондықтан бүгін өз көзіммен стадионда бірінші рет көріп отырмын. Дәл қазір Жапонияны қолдап жүрмін және жапондықтар жеңіп жатқандықтан өте керемет сезімдемін. Азия біріншілігін Жапония жеңеді деп ойлаймын», - деді Аюши Лалвани.

Айта кеткен жөн, Азия чемпионаты 9 қарашаға дейін жалғасады. Бұл турнир 2025 жылы 7-14 ақпан аралығында Қытайдың Харбин қаласында өтетін Азия ойындарына дайындық жарыстары ретінде ұйымдастырылып отыр. 

хоккей
Фото: Досбол Атажан/Kazinform

Еске салайық, бұған дейін шайбалы хоккейден Азия чемпионатында Қазақстан әйелдер құрамасы қола алғанын жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар