Алматыда хоккейден тарихи Азия чемпионаты өтеді
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Халықаралық хоккей федерациясы (ИИХФ) аясында тарихта тұңғыш рет хоккейден Азия чемпионаты өтеді.
Ұлттық олимпиадалық комитеттің мәліметінше, турнир 2024 жылғы 6-9 қарашаға жоспарланған. Чемпионат Алматыдағы Halyk Arena стадионында өтпек.
Қазақстан құрамасының қарсыластары Жапония, Корея және Қытай командалары болады. Соңғы рет Halyk Arena-да халықаралық хоккей жарыстары 2017 жылғы Универсиада аясында өткен. Ол кезде біздің студенттік құрама күміс жүлделерді еншілеген болатын.
Еске салсақ, хоккейден әйелдер арасындағы Азия чемпионаты 2024 жылғы 31 қазан мен 3 қараша аралығында Қытай астанасы Бейжіңде өтеді. Чемпионатқа Қазақстан, Жапония, Корея және Қытай елдерінің құрамалары да қатысады.
Айта кетелік, алдағы турнирлер 2025 жылғы 7-14 ақпан аралығында Қытайдың Харбин қаласында өтетін Азия ойындарына дайындық жарыстары болып саналады.
Қазақстандық «Барыс» хоккей клубына бас бапкер қызметіне Вячеслав Буцаев тағайындалғанын жазған болатынбыз.