Алматыда инклюзивті кітапханалар ашылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда көру және есту қабілеті бұзылған адамдарға 7 кітапхана қызмет көрсетеді. Олар қажетті ақпаратқа қол жеткізуі үшін заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. 

Алматыда инклюзивті кітапханалар ашылды
Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкмідігінің мәліметінше, бұл кітапханаларда мәтінді тактильді форматта көрсететін Брайль дисплейлері, Брайль қарпінде басып шығаруға арналған принтерлер, мәтіннің контрастын үлкейтуге және өзгертуге арналған құрылғылар мен мәтінді оқитын, оны дауыстап ойнататын және аудиоформатқа аударатын сканерлер орнатылған. 

Алматыда инклюзивті кітапханалар ашылды
Фото: Алматы әкімдігі

Аудиокітаптарды тыңдау ыңғайлы болу үшін кітапханаларда дыбыс сапасы жоғары құлаққаптар да бар. Бұған қоса, бейімделген бағдарламалық жасақтамасы бар компьютерлер орнатылған, бұл көру және есту қабілеті нашар адамдарға ақпаратпен тиімді жұмыс істеуге септігін тигізеді. 

Есту және көру қабілеті бұзылған адамдар мына кітапханаларға бара алады:

— Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасы;

— «Alatau Creative Hub» хабы;

— Чехов атындағы орталық қалалық кітапхана ;

— Қазақстан жазушыларының кітапханасы;

— №4, 14 және 45 филиалдар.

Алматыда инклюзивті кітапханалар ашылды
Фото: Алматы әкімдігі

Бұл жерлерде ақпараттық ресурстарды пайдалану ыңғайлы болу үшін барлық жағдай жасалған. Бастама мәдени нысандарға тең қолжетімділік пен кедергісіз орта құру қағидасы аясында қала әкімінің тапсырмасымен жүзеге асырылды. 

Айта кетейік, бұл кітапханаларда көру қабілеті нашар қызметкерлер де жұмыс істейді. Олар оқырмандарға құрал-жабдықты үйренуге, қажетті ресурстарды іздеуге және оқытуға көмек көрсетеді. Бұл жұмыс орындарын құруға және қаланың барлық тұрғыны үшін мәдениет пен білімге деген қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік береді. 

Алматыда инклюзивті кітапханалар ашылды
Фото: Алматы әкімдігі
Алматыда инклюзивті кітапханалар ашылды
Фото: Алматы әкімдігі

Жалпы, Алматы кітапханаларында 400-ге жуық адам жұмыс істейді. 2023 жылы қала әкімінің бастамасымен қызметкерлердің жалақысы 30%-ға өсті, 2024 жылы жалақы тағы 25%-ға ұлғайды, ал биыл тағы 29%-ға көбейеді. 

Қалада әкімдікке қарасты 28 кітапхана жұмыс істейді, оның 95%-ы жаңғыртылған. Жыл сайын Алматы кітапханаларына келушілердің жалпы саны 3 миллионнан асады.

Осыған дейін ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов нашар көретін адамдарға арналған кітапханалардың санын арттыруға қатысты пікір білдірген болатын.

Соңғы жаңалықтар