Алматыда қабырғасына қыз жүзімі "көктеген" ғимарат ғажайып кейіпке енді

Алматыда Ботаника және фитоинтродукция институтының ғимараты қыз жүзіміне оранып, алыстан көз тартар сұлу кейіпке енді. Бұл туралы Алматы қалалық ботаникалық бақтың баспасөз қызметі әлеуметтік желіде мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.

қыз жүзім
Фото: botsadkz парақшасы

"Сіздер қыз жүзімге оранған Ботаника және фитоинтродукция институтының ғимараты қалай құлпырғанын көрдіңіздер ме? Ғимараттың шығыс жағы жасыл жапырақтармен, батыс жағы толық қызыл реңкке боялған. Қалың жапырақтардың астында "Ботаникалық бақ - жер шарының жасыл байлық мұражайы" деген жазуды әрең көресіз", - делінеді Ботаникалық бақтың парақшасында.

қыз жүзім
Фото: botsadkz

Алматы ботаникалық бағының мәліметінше, "Қыз жүзімі" өсімдігі ең ірі, тез өсетін және төзімді көпжылдық жүзім бұталарының бірі болып саналады.

қыз жүзім
Фото: botsadkz

"Оның көрінісі бәріне жақсы таныс, себебі бұл қаланың көгалдарында жиі кездеседі. Бес жапырақты қыз жүзім (лат. Parthenocissus quinquefolia) - жүзім тұқымдасының (Vitaceae) Қыз жүзім (Parthenocissus) туысының бір түрі, ағаш тәрізді жапырақты жүзім бұтасы. Отаны Солтүстік Америка. "Қыз жүзім" атауы оған гүлдері жеміс беру үшін тозаңдануды қажет етпейтіндіктен берілген. Бес жапырақты қыз жүзім ұзындығы 20-30 метрге жетеді. Жас өскіндер басында қызыл түсті болады, кейін қара-жасыл түске айналады. Бір жыл ішінде жүзім бірнеше метрге дейін өседі", - деп хабарлады Ботаникалық бақтың баспасөз қызметі.

қыз жүзім
Фото: botsadkz парақшасы

Айта кетейік, қыз жүзімінің негізгі жабысу құралы - бұталары (өзгертілген гүлшоғырлар). Олар жабысқақ секрецияны шығарады, соның арқасында қабырғаға, ағаш діңіне немесе басқа бетке жабыса алады.