Алматыда қала күні тойланып жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Қыркүйектің үшінші жексенбісі, яғни бүгін алматылықтар қала күнін тойлап жатыр. Мегаполис мерекесіне орай қала тұрғындары мен қонақтары үшін үлкен бағдарлама жоспарланған.
Арбат аумағында күні бойы «Туған күнім, Алматым» фестивалі өтеді. Онда алматылықтар суретшілер көрмесіне, қолөнершілер жәрмеңкесіне, шеберлік сабағына және басқа да іс-шараларға қатыса алады.
Сонымен қатар, мұнда жыл сайынғы Кітап Fest фестивалі өтіп жатыр.
Сондай-ақ Тұңғыш Президент атындағы саябақта жыл сайынғы «Алма Fest» фестивалі басталды.
Саябақтағы басты сахнада сағат 14:30-дан бастап Роза Рымбаева мен Алматы әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрі өнер көрсетеді.
Сағат 17:00-де Астана алаңында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен Almaty Cover Show басталады.
Сахнада Нағима Есқалиева, Мейрамбек Бесбаев, Kalifarniya, RaiM, Нұрлан мен Мұрат, ARO, Ерболат Құдайберген, Қайрат Тунтеков және басқа да әншілер өнер көрсетеді.
Қала күні кешке «Көктөбе» телемұнарасында құттықтау шамдарының қосылуымен қорытындыланады.
Еске салайық, Алматыда қала күні қарсаңында 130 тонна қоқыс жиналды.