Алматыда қалдықты энергияға айналдыратын алғашқы зауыт салынады: жоба қай сатыда
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеп, энергияға айналдыратын алғашқы зауыттың құрылысы жоспарланып отыр. Қазір жоба іске асыру кезеңіне жақындап келеді.
2025 жылғы 29 тамызда министр Ерлан Нысанбаев пен инвестор тарап келісімге қол қойған. Құжатқа сәйкес, зауыт тәулігіне 1 600 тоннаға дейін тұрмыстық қалдықты өңдеп, 60 мегаватт электр энергиясын өндіре алады. Инвестиция көлемі — 145 млрд теңгеден асады.
Экология министрлігінің хабарлауынша, кәсіпорында Еуропалық стандарттарға сай эмиссия бақылау жүйесі орнатылады, ал өндіріс процесі толықтай автоматтандырылған мониторинг жүйесі бойынша бақыланбақ.
— Жоба аясында 700-ге жуық уақытша және 120 тұрақты жұмыс орны құрылады. Мамандар Қытайда оқытылып, кейін зауыттың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді, — делінген министрліктің хабарламасында.
Алматы экология және қоршаған орта басқармасы Kazinform.kz тілшісіне берген жауабында жобаның әзірше дайындық сатысында екенін мәлімдеді.
— Қазіргі уақытта уәкілетті мемлекеттік органдармен және мүдделі ұйымдармен жобалық, техникалық және ұйымдастырушылық шешімдерді келісу бойынша кешенді жұмыс істеліп жатыр, — деп мәлімдеді басқарма өкілдері.
Ведомствоның мәліметінше, зауыт құрылысы басталмас бұрын мемлекеттік экологиялық сараптама мен қоғамдық тыңдау өткізу міндетті. Бұл кезеңде тұрғындар мен экобелсенділер пікірін білдіре алады.
— Барлық қажетті рәсім аяқталғаннан кейін ғана құрылыс мерзімі мен нақты іске асыру кестесі бекітіледі, — деп хабарлады Алматы экология және қоршаған орта басқармасы.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында көкөніс пен жемістерді өңдейтін зауыттың құрылысы басталғанын хабарлағанбыз.