Алматыда канал жанындағы бос ғимараттан Қаңтар оқиғасында ұрланған қару табылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы полиция департаментінің Экстремизмге қарсы күрес басқармасы мен жедел тергеу тобы және прокуратураның сотқа дейінгі тергеу басқармасы Қаңтар оқиғасында жоғалған атыс қаруын тапты.
Ведомствоның мәліметінше, Алматының Жетісу ауданында Жансүгіров көшесінің бойындағы Үлкен Алматы каналының жанындағы бос ғимараттың ішінде тегіс ұңғылы 12 калибрлі атыс қаруы табылды. Табылған атыс қаруын криминалдық және ұрланған қарулар базасынан сериялық нөмірімен тексерген кезінде бұрын жоғалып кеткені анықталды.
Бұл қару 2022 жылғы 5 қаңтарда Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыдағы Сейфуллин көшесіндегі «Оружейник» дүкенінен жоғалған.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабының 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында Қаңтар оқиғасы кезінде қару ұрлаған күдіктілер ұсталғанын хабарлағанбыз.