Алматыда қант тапшылығы мәселесі қалай шешіліп жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматының сауда желілері үшін 4,5 мың тонна қант сатып алынды. Бұл туралы мегаполис әкімдігі хабарлады.
Алматы қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және бағаның өсуіне жол бермеу үшін «Алматы «ӘКК» АҚ тауар биржасында сауда-саттық нәтижелері бойынша 4,5 мың тонна қант жеткізуге шарт жасасты.
- Отандық өндірістегі қант қаланың сауда желілеріне белгіленген сату бағасы бойынша – келісіне 380 теңгеден аспайтын бағамен сатылады. Өз кезегінде қант сататын бөлшек саудагерлер сату бағасына 10%-дан аспайтын үстемеақыны сақтайды. Бұл шара Алматыдағы қант бағасын 2025 жылдың қыркүйегіне дейін тұрақтандыруға мүмкіндік береді, - деп хабарлады әкімдіктен.
Айта кеткен жөн, 2023 жылы қарашадан 2024 жылы тамызға дейін «Алматы «ӘКК» АҚ қаланың сауда желілері арқылы белгіленген сату бағасы бойынша 3 мың тонна көлемінде қант сатты.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда 8 мың тоннадан астам көмір қоры бар екенін жазғанбыз.