Алматыда Қаңтар оқиғасына қатысты бірнеше айыпталушыға сот үкімі шықты
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы Қаңтар оқиғасына қатысты 45 айыпталушының ісі қаралып жатыр.

Айыпталушылар арасында Арман Жұмагелдиев, Алматы мәслихатының бұрынғы депутаты Қайрат Құдайберген, ҰҚК бесінші департаментінің бұрынғы басшысы Руслан Ысқақов та бар.
Оларға билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланғаны (ҚК-нің 362-бабы), ұйымдасқан қылмыстық топты құрғаны, оған басшылық жасағаны және оған қатысқаны (ҚК-нің 262-бабы), тонағаны (ҚК-нің 191-бабы), заңсыз бас бостандығынан айырғаны (ҚК-нің 126-бабы), 2022 жылғы қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырғаны және оған қатысқаны (ҚК-нің 272-бабы), бандитизм (ҚК 268-бабы) үшін айып тағылды.
Сотта ісі қаралған бірнеше айыпталушы 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Қамауда ұстау уақытын ескере отырып, олар өтелген мерзімге байланысты жазадан босатылды.
Еске салайық, 2022 жылы Алматыда полицейлер қылмыс әлемінің беделдісі Арман Жұмагелдиевті ұстаған болатын.
2023 жылы қыркүйек айында Алматы маңындағы № 72 түзеу мекемесінің тергеу изоляторында мәслихаттың экс-депутаты Қайрат Құдайберген мен Арман Жұмагелдиевке қатысты сот процесі басталды.