Алматыда қар көшкіні жүру қаупі бар

АСТАНА. KAZINFORM – «Қазгидромет» мекемесінің баспасөз хатшысы Алина Ысмағұлова еліміздің басым бөлігінде атмосфералық фронталды бөліктердің өтуіне орай күн райы құбылмалы болатынын айтты.

Тәжікстанда қар көшкіні мен тас құлау қаупі күшейді
Фото: pixabay.com

Бүгін түнде республиканың солтүстігінде жауын-шашын (жаңбыр, қар) болуы ықтимал. Тек оңтүстік-шығыста, батыс пен оңтүстіктің жекелеген аудандарында күн жауын-шашынсыз болады. Республика бойынша екпінді жел соғып, оңтүстікте бұрқасын, оңтүстік-батыста шаңды дауыл соғады, солтүстік-батыста, солтүстікте, шығыста тұман түседі.

Алина Ысмағұлованың айтуынша, түнде шығыста Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында, Ақмола облысының солтүстік-шығысында 1-6 градус аяз күтіледі.

Маңғыстау облысының басым бөлігінде (солтүстікте, шығыста, оңтүстікте), Атырауда (батыста, оңтүстікте), Қызылорданың орталығында, Қарағандыда (солтүстікте), Түркістанның оңтүстік-батысында, Ақтөбенің оңтүстігінде, Абай облысының шығысында, Ұлытау облысының орталығында жоғары өрт қаупі сақталады.

Спикер Алматыда қар көшкіні қаупі туралы ескерту жарияланғанын айтты.

«2024 жылғы 2-6 мамыр аралығында Алматы қаласының Үлкен және Кіші өзендері бассейндерінде (2700 метрден жоғары биіктік аймағында) жауын-шашынның көп түсуіне, биіктікте және қар жамылғысының тұрақсыз жағдайына байланысты қар көшкіні қаупі сақталады. Қар көшкінінің пайда болу қаупіне байланысты тұрғындарды қарлы беткейлерге шығудан бас тартуға шақырамыз. Тауда сақ болыңыз», - деп қосты ол.

Соңғы жаңалықтар