Кәсіпкерлерге тегін құқықтық көмек көрсетілді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – «Бизнеске жол» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобалары шеңберінде Алматыдағы сауда ойын-сауық орталықтарының бірінде кәсіпкерлерге тегін құқықтық көмек көрсетілді.
Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің ұйымдастырумен мегаполистің «Atakent mall» сауда ойын-сауық орталығында кәсіпкерлерге тегін құқықтық көмек көрсету бойынша акция өтті. Акцияның негізгі мақсаты – әкімшілік кедергілер, процестердің ашық болмауы, артық талаптар қою сынды қиындықтарға тап болған кәсіпкерлердің проблемалық мәселелерін шешу. Заң консультациясын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топ өкілдері, заңгерлер мен еріктілер көрсетті.

«Акция аясында қаланың кәсіпкерлері мемлекеттік органдардың басшыларынан және волонтер ретінде қызмет еткен білікті заңгерлерден тұратын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топтан құқықтық кеңес алды. Кәсіпкерлерге ыңғайлы болуы үшін іс-шараны өткізу орны ретінде 340-тан астам бизнес субъектісі орналасқан «Atakent mall» сауда ойын-сауық орталығы таңдалды. Мәселелердің көпшілігі салық салу, кеден сұрақтары, жер қатынастары және құрылыс салалары бойынша көтерілді», - деді Алматы қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің Превенция басқарма басшысының орынбасары Арыстан Асқар.

