Алматыда кәсіпкерлерге төмен пайызбен берілген ең үлкен несие - 500 млн теңге

АЛМАТЫ. KAZINFORM – 2019 жылдан бері кәсіпкерлікті дамытудың «Almaty Business – 2025» бағдарламасы аясында «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары - «Almaty Finance» ЖШС және «Almaty» МҚҰ ЖШС еншілес компаниялары арқылы 656 жобаға 36,3 млрд теңге бөлініп, 2 716 жұмыс орнын ашқан. Бұл туралы «Almaty Finance» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Жұлдыз Игенов айтты.

«Almaty Finance» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Жұлдыз Игенов
Фото: Алматы қаласы ӨКҚ

Қалалық мәслихат бекіткен бағдарлама жеңілдетілген несиелендіру арқылы шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған. Жұлдыз Игенов бағдарламаның басты мақсаты – бизнеске қаржыландыру мүмкіндігін арттыру екенін атап өтті.

- «Almaty Finance» және «Almaty» МҚҰ арқылы кәсіпкерлер 2% және 6% жылдық мөлшерлемемен 7 жылға дейін несиелер алып, өз кәсібін ашуға және дамытуға мүмкіндік алды. 2024 жылы «Almaty Finance» ұсынған ең жоғары несие сомасы 500 млн теңге, ал «Almaty» МҚҰ-да 73 840 000 теңге болды, – деді Жұлдыз Игенов.

Айта кеткен жөн, алынған қаражат кәсіпкерлерге жабдық сатып алуға, шикізат алуға, айналым қаражатын толықтыруға және бизнестің басқа қажеттіліктерін қанағаттандыруға жұмсалады.

Еске салайық, бұған дейін Алматының Неке сарайы неліктен қараусыз қалғанын жазған едік.