Алматыда қауіпті дрифт жасаған жүргізушілер ұсталды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда өткен демалыс күндері жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған екі жүргізуші жауапқа тартылды.

а
Фото: видеодан алынған скрин

Жүргізушілер түнгі уақытта қала көшелерінде дрифт жасаған. Олардың әрекетін бейнебақылау камералары түсірді. Қазір құқық бұзушылардың әрқайсысына бірнеше бап бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сот шешімімен бір жүргізуші 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынса, екіншісіне айыппұл салынды.

- Жолдағы агрессивті жүргізу мен дрифт — азаматтардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп. Біз мұндай фактілерге қатаң түрде әрекет етіп, барлық анықталған құқық бұзушылық бойынша жауапкершілікке тартамыз, — деді Алматы қаласы әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаев.

Еске салайық, бұған дейін Алматы көшелерінде жарысқан тағы бір топ жүргізуші ұсталды.