Алматыда қайтыс болған қарақалпақ диаспорасының жетекшісі Өзбекстанда жерленеді
Маңғыстау облысындағы қарақалпақ диаспорасының жетекшісі Ниетбай Оразбаев Алматыдағы емханалардың бірінде қайтыс болды, деп хабарлайды Kazinform.
Бұл туралы Қарақалпақ диаспорасының Қазақстандағы өкілі Ақылбек Мұратбай Kazinform тілшісіне мәлімдеді.
«Ниетбай Оразбаев алтыншы желтоқсан күні Ақтаудан Алматыға келген еді. Бірден телефонын өшіріп қойды. Себебі соңғы жылдары үрейде жүрді. Оған туған жеріндегі саяси жағдай себеп болған. 2024 жылдың 3-ші қаңтарда денсаулығы күрт нашарлап, дәрігерлердің көмегіне жүгінді. Жұма күні Алматыдағы көпбейінді аурухананың жансақтау бөліміне түсіп, сонда жатты. Жексенбіде жалпы палатаға шығарылып, дәрігерлер өкпеге жиналған суын алды. Соңғы рет кеше таңертең сөйлестік. Бәрі жақсы сияқты еді», - деді Ақылбек Мұратбай.
Сондай-ақ ол Ниетбай Оразбаевтың мәйіті туған жеріне жерленетінін жеткізді.
«Тоғызыншы қаңтар күні Алматыдағы мәйітханадан мүрдені алып, кешкі ұшақ рейсінен Ақтауға салып жібердік. Марқұмның жаназасы Ақтауда шығарылады. Себебі, Қарақалпақстанда оның жаназасын шығаруға рұқсат берілмеді. Сол үшін жақындарымен ақылдаса келе осындай шешім қабылдадық. 2 күннен соң Қарақалпақстанның Қожелі қаласында жерленеді», - деді А.Мұратбай.