Алматыда қазақ балетінің 90 жылдығына арналған көрме ашылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде «Қазақ балеті: 90 жылғы тарих» атты картиналар көрмесі ашылды.
«Қазақ балеті: 90 жылғы тарих» картиналар көрмесі Тоғжан Молдалімнің жетекшілік ететін Qazaq Ballet креативті зертханасы жасаған «Қазақ балетіне 89 жыл» арт-альбом жобасының жалғасы.

Көрме музей, театр және жеке мұрағаттардан алынған сирек мұрағаттық фотосуреттер, бейнежазбалар мен мәтіндер негізінде жасалған авторлық картиналардан тұрады. Қазақстанның кәсіби хореографиялық өнеріндегі 90 жылдық кезеңіндег туындысы көрсетілген, онда ұлттық спектакльдер көрінісі бейнеленген.

«Бұл картиналар Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік кино, фотоқұжаттар және дыбыс жазбалары мұрағатының фотоқұжаттарынан, кейбіреулері бейнежазбалардан, либреттоның сипаттамасынан, замандастарының естеліктері мен суреттегендердің деректері бойынша келтірілді. Өйткені бәрі сақталмады және біз бәрін мұқият жинауға тырыстық. Біз сирек кездесетін мұрағат фотосуреттерінен бірнеше картина жинадық. Жалпы, олар спектакль жасалған кездегі атмосфераны, дәуірді жаңғыртты. Біз картиналарда нақты суретшілерді қайта шығармаймыз, спектакльдің бейнесі осында бейнеленген, балеттің түс схемасы мен негізгі көріністері таңдалған», - дейді көрмені ұйымдастырушы Qazaq Ballet Creative Lab жетекшісі Дамир Оразымбетов.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл көрменің ерекшелігі – қазақ балетінің сан ғасырлық өмірінің шындығын айқындайтын тарихи-мифологиялық тақырыптарды, ертегілер әлемінің ғажайып бейнелерін, қимыл-қозғалыстарын бейнелейтін туындыларға негізделуінде. Сонымен қатар, бұл туындылар Қазақстандағы музыка сахнасының бүгінгі көрінісін бейнелейді және өткеннің «құпиясын» ашады.

Атап айтсақ, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры, Қазақстан Республикасы мемлекеттік академиялық би театры, «Самұрық» заманауи би театры, апалы-сіңлілі Габбасовалар би театры, К. Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театры, «Астана Балет» театры, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының спектакльдері бар. Сондай-ақ А. Селезнёв атындағы Алматы хореографиялық училищесінің және Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттерінің қойылымдары ұсынылған.
Биыл қазақ балетіне 90 жыл.

Дамир Оразымбетовтың айтуынша, осы уақыт ішінде көп нәрсе өзгерді.
«Соңғы жылдары біз заманауи технологиялардың дамуының арқасында жаһандық театр процестерін тамашалау мүмкіндігіне ие болдық. Жас хореографтарымыз осы үрдістерді бақылап, ілесуге тырысып жатыр. Сондықтан бүгінде қазақ балет өнері заман ағымына ілесіп, жарқын спектакльдер қойылып, режиссерлер шақырылып, 20-ғасырдың әйгілі жауһарлары саханаланып жатыр. Қазір Қазақстанда Иржи Килиан, Джордж Баланчин және басқа да көптеген танымал хореографтардың қойылымдары қойылып жатқаны біз үшін үлкен қуаныш», - деп қосты ол.

Көрме маусым айының 7-не дейін жалғасады.