Алматыда Қазақстан мен Қытай арасындағы Стратегиялық диалогтың екінші отырысы өтті

АЛМАТЫ. KAZINFORM – ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу және ҚКП ОК саяси бюросының мүшесі, Қытай Халық Республикасының сыртқы істер министрі Ван И Қазақстан мен Қытай арасындағы Стратегиялық диалогтың екінші отырысына қатысты.

Алматыда Қазақстан мен Қытай арасындағы Стратегиялық диалогтың екінші отырысы өтті
Фото: Сыртқы істер министрлігі

Стратегиялық диалог отырысы барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады. Министрлер биік және жоғары деңгейлерде қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысын қарастырды, сондай-ақ екіжақты өзара іс-қимылдың барлық спектрі бойынша қазақ-қытай қатынастары дамуының оң серпінін атап өтті.

Сауда-экономикалық байланыстарды арттыру бойынша бірлескен күш-жігерге ерекше назар аударылды. Қазақстанның Қытайға шикізаттық емес экспортын ұлғайтуды қоса алғанда, индустриялық-инвестициялық, энергетикалық, транзит-көліктік және инновациялық ынтымақтастықты бірлесіп дамытуда жаңа тәсілдерді әзірлеу қажеттілігі баса айтылды.

– Әрқашан дами беретін байланысымыз геосаяси сын-қатерлер мен конъюнктуралық үрдістерге ұшырамайды. Қытай біз үшін мейірімді көрші және сенімді дос қана емес, сонымен қатар жан-жақты байланысы бар жақын ел, – деп мәлімдеді М.Нұртілеу.

Былтыр екіжақты тауар айналымы рекордтық көрсеткіш – 43,8 млрд АҚШ долларын құрады. Екі мемлекет те жақын арада өзара сауда көлемін екі есеге арттыруға ұмтылуда. Қазақ-қытай инвестициялық пулы шамамен 66,4 млрд АҚШ доллары сомасына 224 жобаны қамтиды.

– Біз Қазақстанды Қытайдың көршілес мемлекеттермен қарым-қатынасында басты серіктес ретінде қарастырамыз. Қытай Қазақстанның аумақтық тұтастығын, егемендігін және қауіпсіздігін қорғауда, сондай-ақ ұлттық ерекшеліктеріне сәйкес елдің дамуына бағытталған күш-жігерін нық қолдайды, – деп атап өтті Ван И.

Сыртқы саяси ведомстволарының басшылары биыл жоспарланған екіжақты сапарлар мен іс-шаралар кестесін талқылады, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша «сағаттарды теңестірді».

Кездесу қорытындысы бойынша ҚР-ҚХР сыртқы істер министрліктері арасында 2026-2028 жылдарға арналған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды және Гуанчжоу қаласында Қазақстан Республикасының Бас консулдығын құру туралы ноталармен алмасу рәсімі өтті.

Айта кетейік Қытай СІМ басшысы 26 сәуірде өтетін «Орталық Азия – Қытай» форматындағы сыртқы істер министрлерінің кездесуіне қатысу үшін Алматыға жұмыс сапарымен келді.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан мен Қытай экономикалық ынтымақтастықтың жаңа жол картасын әзірлеуге дайын екені хабарланған болатын.

Соңғы жаңалықтар