Алматыда кеңейтілген ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтеді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда алдағы демалыс күндері, яғни 23-24 қараша күндері сағат 08:00–ден 17:00–ге дейін Алматы облысы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің кеңейтілген жәрмеңкесі өтеді.
Жәрмеңкеде 50-ден астам өнім — ет-сүт, жеміс-көкөніс, шұжық өнімдері, өсімдік және жануар майлары және т. б. ұсынылады. Өнімнің жалпы көлемі — 250 тонна.
«Оның ішінде ет өнімдері — 50 тонна, жеміс, көкөніс өнімдері — 100 тонна, сүт өнімдері — 45 тонна, балық өнімдері — 5 тонна, басқалары — 50 тонна», — деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі Сәтбаев көшесінің бойымен Уалиханов көшесі мен Достық даңғылы аралығында өтеді.
Осыған байланысты Сәтбаев көшесінің Уәлиханов көшесінен Достық даңғылына дейінгі бөлігі 22 қарашада сағат 20:00–ден 24 қарашада 20:00–ге дейін жабылады.

Жәрмеңкені өткізу кезінде № 45, № 95 және № 121 автобустарының жүру бағыты өзгереді.
Жабылатын учаскені айналып өту Абай даңғылы бойынша жүргізілетін болады.
Бұған дейін Алматы облысында көшкін қаупі бар 55 учаске бар екені хабарланды.