Алматыда кибералаяқтардан 5 мыңнан аса SIM-карта тәркіленді
АСТАНА. KAZINFORM — ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті үш шетелдік азаматты ұстап, жалға алған пәтерде тінту жүргізу барысында алты SIM-бокс анықтап, тәркіледі.

Бұл құрылғылар алаяқтық схемаларда кең көлемде қоңыраулар жасау, хабарламалар жіберу және абоненттік нөмірлерді өзгерту үшін қолданылады. Сондай-ақ, әртүрлі мобильді операторлардың 5 мыңнан астам SIM-картасы тәркіленді.
— Аталған тұлғаларға қатысты ҚР Қылмыстык кодексінің 213-бабы 2-бөлігі — «ұялы байланыс абоненттік құрылғысының идентификациялық кодын заңсыз қолдану, абонентті сәйкестендіру құрылғысын заңсыз өзгерту және идентификациялық кодты өзгертуге арналған бағдарламаларды жасау, пайдалану, тарату» бойынша қылмыстық іс тіркелді. Күдіктілер екі ай мерзімге қамауға алынды. Олардың интернет-алаяқтыққа қатыстылығы тексеріліп жатыр, — деді ҚМА ресми өкілі Ернар Тайжан.
ҚР ҚІЖК-нің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жариялауға жатпайды.
Бұған дейін ҚМА «Buyers Union» қаржы пирамидасының жұмысын тоқтатқаны белгілі болды.