Алматыда қыркүйекке дейін тағы бір көшеде көлік қозғалысы шектеледі
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда тағы бір көшеде күзге дейін көлік қозғалысына тыйым салынады.

«Алматы жылу желілері» жауапркершілігі шектеулі серіктестігінің мәліметінше, 20 маусымы мен 15 қыркүйегі аралығында Алматы қаласының Түрксіб ауданында Спасская көшесінде Бекмаханов көшесінен бастап Урицкий көшесі, Воровский көшесіне дейін көлік қозғалысы шектеледі.

Екі бағытта да көлік қозғалысы жабылады.
«Уақытша шектеулер 1983 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан жалпы ұзындығы 1804,6 метр болатын, аталған көше астынан өтетін құбырды жаңғырту учаскесінде жоспарлы жұмыстарды жүргізу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін енгізілмек », — деп түсіндірді «Алматы жылу желілері» ЖШС.
Бұл құбыр 22 көппәтерлі тұрғын үйді, 1 балабақша мен 1 білім беру нысанын жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етеді.
Аталған аумақтағы тұтынушыларға реконструкция кезінде ыстық су беру тоқтатылмайды.
Бұған дейін Алматыда Мақатаев және Жүргенов көшелерінің 3 айға жабылатыны туралы жазған едік.
Айта кетейік, биыл мегаполисте ұзындығы 250 шақырым болатын 274 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.