Алматыда қызылшаға қарсы 128 мыңға жуық адам вакцина алды

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда қызылшамен ауыру бойынша тұрақсыз эпидемиологиялық жағдай байқалады. Бұл туралы Алматы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәлім етті.

вакцина
Фото: gov.kz

Ведомствоның мәліметінше, Алматыда 2023 жылдың наурыз айынан бастап қызылшаның 4464 зертханалық расталған жағдайы тіркелді. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 3352 жағдай (75,1%), 15 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында — 169 (3,8%) және ересектер арасында — 943 (21,1%).

«3352 баланың 3212-і қызылшаға қарсы егілмеген (95,8%), оның ішінде вакцинациядан бас тарту себебінен — 2239 (69,7%), медициналық қарсы көрсетілімдер — 438 (13,6%), және 528 (16,4%) жағдайда егу жасына жетпеген. Қызылшаны жұқтырудан, сондай-ақ олардың асқынуынан алдын алатын жалғыз тиімді құрал тек вакцинация болып табылады. Алматыда қызылшаға қарсы жоспарлы вакцинация 2 рет, біріншісі — 1 жаста (12-15 ай), екіншісі — 6 жаста жүргізіледі, бұл вакцинациядан кейінгі иммунитетті дамытуға мүмкіндік береді», — деп хабарлады ведомствода.

Айта кетейік, 2023 жылдың 10 қарашасы мен 2024 жылдың 15 қаңтары аралығында қалада қызылшаға қарсы барлығы 127 810 адам вакцина алды. қамтылды. Оның ішінде 6 айдан бастап 10 ай 29 күнге дейінгі 9092 бала, 2 жастан 4 жасқа дейінгі 58 581 бала, медицина қызметкерлері 8676 және басқа жастағы бұрын қызылшаға қарсы жоспарлы екпе алмаған (вакцинация курсы толық емес) толықтыра иммундау бойынша 51 461 бала бар.