Алматыда қоғамдық көлік жолақысы көтерілді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда қоғамдық көліктегі жол жүру ақысы 120 теңге болды. Жаңа тариф тамыз айының басынан бастап күшіне енеді.

Қала тұрғындарының бірі әкім Ерболат Досаевпен кездесу барысында жолақы қашан көтерілетінін сұрады.
Бұл сауалға қалалық мобилділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев жауап берді.
«Алматы қаласы мәслихатының депутаттары өткен аптада қоғамдық көлікте жүрудің жаңа тарифін 120 теңге деп бекітті. Жаңа тариф тамыз айының 3 мен 5-і аралығында күшіне енеді», – деді ол.
Бұдан бөлек, Алматы әкімі жол ақысын банк картасымен төлеу мүмкіндігі қарастырылып жатқанын атап өтті.
«Оңай» қажетті келісімдерге қол қойып, төлем жүйесі мәртебесін алды. Сондықтан банк картасымен төлеу мәселесі шешіледі деп ойлаймын. Біз төлемнің барлық түрлерін көрсеттік», - деді әкім.
Ол бүгінде қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың бірнеше әдісін атады:
- «Оңай» филиалдарында және клиенттерге қызмет көрсетудің 115 пунктінде сатып алуға болатын көлік картасы арқылы;
- SMS арқылы;
- мобильді қосымша арқылы (шетелдік қонақтарға ыңғайлы болу үшін интерфейсті ағылшын тілінде енгізу пысықталуда).
«Туристерге Visit Almaty арқылы кіруге мүмкіндік бердік. Олар да қалыпты түрде төлейтін болады. Сонымен қатар, «Оңай» жүйесі басқа қызметтерге: мұражайларға және басқа жерлерге баруға тиісті жеңілдіктер береді. Бұл қанша күн жүргеніңізге байланысты. Соның ішінде метро, троллейбус, автобустарға отырса тиісті жеңілдік қарастырылады», - деді әкім.
Осыған дейін Алматыда қоғамдық көлікте жол жүру ақысы 20 теңгеге қымбаттағаны туралы жазған едік.