Алматыда қоғамдық көліктер неге кестесінен кешігіп жүреді
Алматыда жеңіл автокөліктер автобустардың арнайы жолағымен жүруі салдарынан қоғамдық көліктер кестеден кешігіп жүреді. Бұл туралы «Алматыэлектротранс» ЖШС Instagram парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform.
«Біздің автобус пен троллейбустың жүргізушілері күн сайын, әсіресе кешкі кептелістерде жеңіл автокөліктердің автобус жолақтарын босатпайтынын әрі аялдамаларды жауып тастайтынын көреді. Өкінішке қарай, бұл қоғамдық көліктердің, әсіресе троллейбустардың кестеден кешігіп жүруіне себеп болады», - деп жазды желіде «Алматыэлектротранс» компаниясы.
Осыған орай «Алматыэлектротранс» ЖШС мегаполистегі барлық автокөлік жүргізушілерін қоғамдық көліктердің жүргізушілері мен олардың жолаушыларына құрметпен қарауға шақырды.