Алматыда қоқыс шығарудың жаңа тарифі бекітілді

тариф
Фото: Александр Павский/ Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM —Мәслихаттың кезектен тыс XVI сессиясында депутаттар қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге арналған тарифтерді бекітті.

Есептеулерге сәйкес жылдық тариф 1текше метр қалдық үшін 3 309 теңге, айлық тариф бір адамға айына 718,5 теңгеден айналады. Орташа статистикалық пәтерлер үшін коммуналдық қызметтердің төлем сомасы қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) шығару тарифі көтерілсе орта есеппен 1,4%-ға артады.

Коммуналдық қызметтерге жұмсалған шығыстарды өтеу үшін 2024 жылдың 1 мамырынан бастап халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 315 430 тұрғынға 0,05 АЕК (184,6 теңге) көлемінде атаулы әлеуметтік көмек төленетін болады.

Қала әкімдігінің мәліметінше, қолданыстағы тарифтер 2017 жылы бекітілген. Осы кезеңде нарық қатысушылары (қалдықтарды жинау ұйымдары, қалдықтарды сұрыптау кәсіпорындары және полигон операторлары) шығындардың айтарлықтай өскенін атап өтті.

«ҚТҚ шығару тарифі контейнерлік алаңдардан қалдықтарды жинау және оларды қоқыс сұрыптау кәсіпорындарына тасымалдау, қалдықтарды сұрыптау, пайдалы фракцияларды одан әрі қайта өңдеуге шығару және полигонда қалдықтарды қабылдау, оларды көму бойынша шығыстарды қамтиды. Айта кету керек, 2017 жылдан бастап орташа жалақы 2 есеге, дизель отынының орташа құны 3 есеге ұлғайды, арнайы техниканың қосалқы бөлшектеріне шығындар өсті »,-деп хабарлады әкімдіктен. 

2024-2025 жылдары 671 контейнер алаңында 2 905 тереңдетілген контейнерді ауыстыру және орнату жоспарланған. 

2024 жылдың қаңтар айында GPS-трекерлермен жарақтандырылған заманауи арнайы техниканың, қалдықтарды сұрыптауға арналған шарттардың, техниканы жаңарту жөніндегі инвестициялық бағдарламалар бойынша қатысушыларға қойылатын талаптармен 5 жыл мерзімге ҚТҚ шығарудағы ашық тендер өткізілді.

Соңғы жаңалықтар