Алматыда көктемгі жол жөндеу жұмыстары қашан басталады

алматы
Фото: Александр Павский / Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы әкімі Ерболат Досаев Жетісу ауданының тұрғындарымен кездесу кезінде қаладағы жолдарды жөндеу жұмыстары қашан басталатынын айтты.

«Құрметті тұрғындар, сіздер жол мәселесін қозғадыңыздар. Бірден жауап берейін, қыс біткен соң бізде әдеттегідей шұңқырлар, тесіктер, люктер және басқа да жұмыстар шыға бастайды. Өкінішке қарай, қаланың бүгінгі инфрақұрылымы ұзақ жылдар бойы сақталды, бірақ модернизациядан өтпеген. Біз бұл жұмыстарды бастадық», - деді қала әкімі.

Ерболат Досаевтың айтуынша, Жетісу ауданы ескі ауданның бірі саналады.

«Ауданда барлық инфрақұрылым тозған. Оның ішінде су құбыры, кәріз бар, кейбір жерлерде ол да жоқ. Сондықтан қаланың жоспары бойынша мен қосымша қаражат бөлдім. Қар еріген соң біз асфальт-бетон зауытын мерзімінен бұрын іске қостық, ол ақырындап жұмыс істей бастады. Алдағы уақытта жобалық қуатына жететін болады. Бұл жерге де қатысты, дымқыл жерге асфальт төсеу пайда бермейді, себебі, белгілі уақыт өткен соң тоз-тозы шығады. Сосын сіздер бізге екі есе шағым айтасыздар. Сондықтан бізге мүмкіндік беріңіздер, сәуір айында сіздермен бірге санитарлық тазалық, абаттандыру жұмыстарын жүргіземіз. Ал, ауа температурасы қалыпқа келген кезде сіздердің өтініш-тілектеріңізді орындаймыз», - деді ол.

Қала әкімі қазір аудандық әкімдікте қаржылық мүмкіндік бар екенін, қажетті қаражат қарастырылғанын атап өтті. Биыл Жетісу ауданында жөндеу жұмыстарына 500 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар әр ауданға ұсақ жөндеу жұмыстарына 100 млн теңгеден жұмсалады. 

«Аудан әкімдігі сіздердің алдарыңыздағы міндеттемелерін жөндеуге әрі толық орындауға мүмкіндігі болады», - деді Ерболат Досаев.

Еске салсақ, бұған дейін Алматы әкімдігі жол жөндеуде қателіктер жіберген мердігермен келісімшартты бұзған болатын. 

Соңғы жаңалықтар