Алматыда коммуналдық қызмет дайындығы күшейтілді: жергілікті билікті не алаңдатып отыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 27 қарашада жаңбырлы ауа райы күтіледі.

Алматыда коммуналдық қызмет дайындығы күшейтілді
Фото: Алматы әкімдігі

Қаланың коммуналдық және шұғыл қызметі жауын-шашынға байланысты арнайы техника мен жедел бригадаларды дайындады. Бұл туралы Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы хабарлады.

«Қазгидромет» болжамына сәйкес, 27 қарашада сағат 02:00-ден 19:00-ге дейін жауын-шашын түседі. Оның жалпы мөлшері 13-16 мм болуы мүмкін, ал желдің екпіні секундына 13 метрге дейін жетуі мүмкін. Ауа температурасы түнде +3…+5 °С, күндіз +5…+7 °С болады. Синоптиктердің болжамынша 28 қарашаға қараған түні де жауын-шашын жалғасады. Күндіз ауа температурасы +6…+8 °С шамасында болады.

Алматыда коммуналдық қызмет дайындығы күшейтілді
Фото: Алматы әкімдігі

Кейбір аумақтарды су басудың алдын алу және оның салдарын жою үшін 85 жедел бригада кезекшілікке қойылды. Олардың құрамында 1 579 жол қызметкерлері бар. Сондай-ақ 415 бірлік техника, 97 мотопомпа және 5 мыңға жуық құм салынған қап дайындалды.

- Су жиналуы мүмкін жерлерге су сорғыш машиналар орналастырылып жатыр. Оған қоса, техника тұрақтарында 200 құрама жол машинасы әзір тұр. Оның ішінде 185 құм шашатын және 15 JetBroom машинасы бар. Коммуналдық қызметтен тәулігіне 3 250 жол саласы жұмысшысы мен 1 225 бірлік арнайы техника жұмысқа шығады, - деп хабарлады басқармадан.

Сонымен қатар қала тұрғындары мен қонақтарына сапарын жоспарлау кезінде ауа райын ескеріп, жол мен жүргінші жолында сақ болу ұсынылды.

Еске салайық, 24 қараша күні де Алматыда жаңбыр жауып, коммуналдық қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеді.