Алматыда Конституция күні қалай аталып өтеді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда Конституция күнін мерекелеу аясында дөңгелек үстелдер, көрмелер, челлендждер, сынып сағаттары ұйымдастырылады.
Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, Алматыда мерекелік концерт 30 тамыз күні кешкі сағат 19:00-де Абай алаңында өтеді.
Айта кетейік мерекелік шаралар қаланың барлық ауданында өтеді:
- Бостандық ауданында Конституция күнін мерекелеу құрметіне 29 тамыз сағат 12:00-де Қазақ мемлекеттік циркіте «Аlmaty circus festival» II халықаралық цирк өнері фестивалінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері халықтың әлеуметтік осал топтары үшін қайырымдылық қойылым қояды.
ҚР Конституциясы күніне арналған концерт 30 тамыз сағат 15:00-де «Mega Alma-ata» СОО-да өтеді.
- Алмалы ауданында ҚР Конституциясы күніне арналған мерекелік концерт бүгін 28 тамыз сағат 19:00-де Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының жанындағы «Неделка» субұрқағы жанындағы скверде өтеді.
- Медеу ауданында Конституция күніне арналған мерекелік концерт 29 тамызда сағат 12:00-де Орталық мәдениет және демалыс саябағында ұйымдастырылады.
- Алатау ауданында Конституция күніне орайластырылған мерекелік концерт 29 тамызда сағат 16:00-де Атлетикалық ауыл аумағында өтеді.
- Әуезов ауданында Конституция күніне арналған мерекелік концерт 29 тамызда сағат 18:00-де Family саябағында болады.
- Түрксіб ауданында ҚР Конституциясы күніне арналған концерт 29 тамызда сағат 18:00-де Сауранбаев көшесіндегі жаяу жүргіншілер аймағында ұйымдастырылады.
- Жетісу ауданында танымал әншілер мен балалардың шығармашылық ұжымдарының қатысуымен мерекелік концерт 30 тамыз сағат 11:00-де «Гүлдер» саябағында (Құлагер ш/а., Серіков көшесі, 2А), сондай-ақ, «Ата Заңым – айбыным!» шығармашылық фестивалі әл-Фараби скверінде өтеді.
- Наурызбай ауданында Конституция күніне арналған «Ата заңым айбыным» мерекелік концерті 30 тамыз сағат 11:00-де Амфитеатрда (Шұғыла шағын ауданы, 347) болады.
Осыған дейін Алматыда бейбіт жиындар мен шерулер өткізу орындары өзгеретіні туралы жазған едік.