Алматыда Корея азаматын іздеуге кинологтар мен дрондар жұмылдырылды

АСТАНА. KAZINFORM — Алматы тауларында Корея азаматын іздеуге 102 адам жұмылдырылды, деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.

Алматы таулары
Фото: Үкімет

Алматыда Корея Республикасының азаматын іздеу жұмыстары жалғасуып жатыр. Іздестіру-құтқару жұмыстары таулы жер бедерінің күрделілігіне, зерттелетін аумақтың ауқымдылығына және биіктік айырмашылығының едәуір болуына байланысты қиындап отыр.

Құтқарушылар қол жетуі қиын учаскелерде, соның ішінде шатқалдар мен тау беткейлерінде жұмыс жүргізіп жатыр.

Іздестіру-құтқару жұмыстарына ТЖМ мен ПД күштері мен құралдары, сондай-ақ еріктілерден құралған барлығы 102 адам, 11 техника, 4 кинологиялық есеп, 6 ұшқышсыз ұшу аппараты және ТЖМ авиациясы жұмылдырылған.

— Іздеу жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр. Жұмылдырылған күштер мен құралдар таулы аймақтың белгіленген учаскелерін тексеріп келеді. Іздестіру-құтқару жұмыстары ТЖМ бақылауында, — делінген хабарламада.

Бұдан бұрын Алматы тауларында Оңтүстік Корея азаматын 130 адам іздеп жатқанын жазғанбыз.