Алматыда көшеге сызылған түрлі-түсті жол таңбасы нені білдіреді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда Қабанбай батыр мен Панфилов көшелерінің қиылысында ерекше жол таңбасы сызылған.

Алматыда көшеге сызылған түрлі-түсті жол таңбасы нені білдіреді
Фото: Скрин/ЖИ

Көшенің жиектасқа жақын шеткі бөлігі түрлі түсті боялған. Қала тұрғындары әлеуметтік желіде ерекше жол таңбасының не үшін қажет екенін сұрап, әртүрлі болжамдар жасады.

Қалалық жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының жауабына сәйкес, Панфилов көшесі маңындағы түрлі-түсті жол таңбасы қауіпсіздік аралының көріну деңгейін арттыру үшін сызылған. Ол жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің назарын аударып, жолды бағдарлауға және жаяу жүргіншілер өтетін жол бөлігіне жақындағанда мұқият болуға көмектеседі.

- Негізгі мақсат — жол қозғалысына қатысушылардың барлығына ортақ қауіпсіздікті арттыру. Бұл таңба бұрыннан бар қауіпсіздік аралының шекарасында салынған. Жолдың жүру бөлігі тарылған жоқ, оның параметрлері мен өткізу қабілеті бұрынғыша қалды, - деп хабарлады басқармадан.

Еске салайық, биыл Алматыда 300 мың шаршы метрден астам жол таңбасы сызу жоспарланған.