Алматыда көшелерді ұзарту үшін 35 млрд теңгеге жер учаскелері сатып алынады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – 2025 жылы Алматы әкімдігі бірнеше көшені ұзарту үшін жер телімдерін сатып алуды аяқтайды. Бұл туралы мәслихат сессиясында қаржы басқармасының басшысы Қанат Сухамбеков мәлімдеді.
Айтуынша, 2025 жылы Алматы қаласының шекарасынан Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына дейін радиалды жолдарды салу және Тілендиев, Хмельницкий, Райымбек, Рысқұлов және Мұқанов сияқты ішкі магистральды көшелерді ұзарту жұмыстары жалғасатын болады.
– Осы жобаларды іске асыру үшін 35 млрд теңгеге жер учаскелерін сатып алуға қаражат қарастырылған, – деді басқарма басшысы.
Келесі жылдың шілде айында Саин көшесін Рысқұлов даңғылынан Ақын Сара көшесіне дейін жалпы ұзындығы 3,2 км ұзарту аяқталады, соның арқасында Момышұлы көшесінен көлік жүктемесінің 40% - ға төмендейді деп күтіледі.
– Биыл қаладағы 250 шақырым жол орташа жөндеуден өтті. Келер жылы жаңа шағынаудандарда 300 шақырымнан астам жолға 30 млрд теңгеге күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі,– деп қосты спикер.
Осыған дейін Алматының 2025-2027 жылдарға арналған бюджеті қабылданғаны туралы жазған едік.